Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстандық оқушылар Гонконгта өткен халықаралық роботтехника чемпионатында жүлдегер атанды

Қазақстандық оқушылар Гонконгта өткен халықаралық роботтехника чемпионатында жүлдегер атанды

14

Қазақстандық оқушылар FIRST LEGO League Hong Kong Championship 2026 халықаралық роботтехника чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Биылғы чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінен 120-дан аса үздік команда мен 900-ден астам оқушы қатысты. Білім беру мен роботтехника саласындағы беделді халықаралық додада Алматы қаласының екі командасы жүлделі орындарға ие болды.

PhysTech School Almaty мектебінің PEAK командасы чемпионаттың ең жоғары марапаттарының бірі саналатын 1st Runner-Up атағына ие болды. Сонымен қатар команда ең үздік инновациялық көрме экспозициясы үшін берілетін Most Innovative Booth Award арнайы сыйлығымен марапатталды. Robot Game санатында оқушылар алтыншы орын иеленіп, әлемдегі үздік командалардың қатарына енді.

Команда құрамында Ерасыл Бектемиров, Виктор Хегай, Ануар Орман, Ильсон Пак, Айкен Хайрулла және Тамина Стяжкина өнер көрсетті. Команданы Берікпол Мақсат Асқарұлы жаттықтырды.

Future Axions 218 командасы Invitational санатында 2nd Runner-Up нәтижесін көрсетіп, халықаралық командалар арасындағы үздік көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.

Команда құрамында №218 «Келешек мектебі» мектебінің оқушылары Ринат Заманбек пен Інкәр Қалиасқар, сондай-ақ №24 лицейдің оқушылары Медина Тұрсын Сабитқызы мен Әдия Тұрсынбек Жанболатқызы бақ сынады. Команданың жетекшісі – Қарағол Бәккелді Бегжанұлы.

Қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері елімізде STEM-білім беру мен роботтехниканы жүйелі дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін айғақтайды. Бүгінде мектептерде роботтехника кабинеттері ашылып, инженерлік және цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған білім беру бағдарламалары кезең-кезеңімен кеңінен енгізіліп келеді.

Оқушылардың халықаралық жарыстардағы табысты өнер көрсетуі олардың дайындық деңгейінің жоғары екенін, шығармашылық және инженерлік ойлау қабілетінің қалыптасқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл жетістіктер Қазақстанның білім беру жүйесінің халықаралық деңгейдегі әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін айқын дәлелдейді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.