Home Және басқа ақпараттар Балаларға арналған Балаларға арналған білім беру және сауықтыру орталықтарын лицензиялау толықтай онлайн форматқа көшірілді

Балаларға арналған білім беру және сауықтыру орталықтарын лицензиялау толықтай онлайн форматқа көшірілді

13

Қазақстанда балаларға арналған білім беру және сауықтыру орталықтарын лицензиялауға арналған автоматтандырылған электрондық қызмет іске қосылды. Енді бұл ұйымдар лицензия алуға өтінімді мемлекеттік органдарға бармай-ақ, elicense.kz порталы арқылы толықтай онлайн форматта жолдай алады.

Қызметтің электрондық форматқа көшуі рұқсат беру рәсімін едәуір жеңілдетеді. Соның нәтижесінде ұйымдардың уақыт және әкімшілік шығындары азайып, лицензиялау үдерісінің ашықтығы мен қолжетімділігі арта түседі.

Еске сала кетейік, 2026 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі балаларға арналған білім беру және сауықтыру орталықтарының қызметін міндетті түрде лицензиялау тәртібін енгізді. Осыған байланысты заңнамадағы «балаларды сауықтыру лагері» атауы «балаларға арналған білім беру және сауықтыру орталығы» деген ұғыммен алмастырылды. Бұл өзгеріс аталған ұйымдардың қызмет аясының кеңейгенін көрсетеді. Яғни олардың жұмысы балалардың денсаулығын нығайтумен ғана шектелмей, білім беру бағытындағы қызметті де қамтиды.

Лицензия алу үшін өтініш беруші elicense.kz порталында тіркеліп, «Білім» бөлімінен тиісті мемлекеттік қызметті таңдауы қажет. Одан кейін қажетті мәліметтер енгізіліп, мемлекеттік баж төленеді және өтінім электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Берілетін лицензияның қолданылу мерзімі бес жылды құрайды. Ал өтінімді қарау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін созылады.

Жаңа тәртіп жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық негізде қызмет көрсететін орталықтардың барлығына бірдей қолданылады. Сонымен қатар ол кәмелетке толмағандарға білім беру және сауықтыру қызметін көрсететін мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың бәріне қатысты.

Лицензия алу үшін ұйымдар белгіленген талаптарға сай болуы тиіс. Атап айтқанда, медициналық қызметтің ұйымдастырылуы, қауіпсіздік жүйелерінің болуы, бекітілген білім беру және сауықтыру бағдарламаларының іске асырылуы, санитариялық талаптардың сақталуы, балалардың тұруына қолайлы жағдай жасалуы және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі міндетті талаптардың қатарына кіреді.

Бұл электрондық қызмет Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының бірлескен жұмысы нәтижесінде іске қосылды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.