Home Сараптама Министрлікте жасанды интеллектіге негізделген жаңа жұмыс мәдениеті қалыптасуда

Министрлікте жасанды интеллектіге негізделген жаңа жұмыс мәдениеті қалыптасуда

17

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ішкі жұмыс үдерістерін жасанды интеллект технологияларының көмегімен жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ведомство жаңа құралдарды ең алдымен өз жұмысында енгізіп, олардың мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде бағалауға, қажетті құзыреттерді қалыптастыруға және кейіннен тиімді шешімдерді мемлекеттік сектор аясында кеңінен таратуға басымдық беріп отыр.

Бүгінде министрлік қызметкерлері Жасанды интеллектінің ұлттық платформасын белсенді пайдаланып, мемлекеттік қызметшінің бірыңғай цифрлық жұмыс кеңістігі саналатын Alem Workspace жүйесін сынақтан өткізуде. Сонымен қатар олар күнделікті қайталанатын міндеттерді автоматтандыру үшін жасанды интеллект агенттерін әзірлеп, вайб-кодинг бойынша білім алуда. Бұл бастамаға министрлікке қарасты ұйымдардың мамандары да тартылып жатыр.

Министрлік мамандары үшін дербестендірілген ЖИ агенттерін әзірлеу, жұмыс үдерістерін автоматтандыру және ақпаратты талдау кезінде деректерге негізделген тәсілді қолдану біртіндеп күнделікті қызметтің ажырамас бөлігіне айналуда.

Оқыту бағдарламасын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы Цифрлық үкіметті қолдау орталығымен бірлесіп ұйымдастырған. Бағдарлама теориялық дайындық пен практикалық сабақтарды ұштастырып, мемлекеттік органдардың күнделікті қызметінде жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануға бағытталған.

Қызметкерлер құжаттарды өңдеу, талдамалық материалдар дайындау, деректермен жұмыс істеу және ішкі цифрлық сервистерді әзірлеу технологияларын меңгеруде. Сонымен қатар деректер мен талдау нәтижелеріне сүйене отырып шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.

Оқытудың негізгі бағыттарының бірі – вайб-кодинг. Бұл тәсіл бағдарламалау бойынша терең білімді талап етпей, жасанды интеллектіге мәтіндік нұсқаулар беру арқылы цифрлық шешімдерді әзірлеуге жол ашады. Бағдарламаға қатысушылар веб-сайттардың, чат-боттардың, деректерді талдау панельдерінің және ішкі сервистердің прототиптерін жасап жатыр.

Сонымен қатар министрлікте жасанды интеллект көмекшілерінің тұтас экожүйесі қалыптасып келеді. Олар талдамалық анықтамалар әзірлеуге, ауқымды ақпарат көлемін өңдеуге, салыстырмалы кестелер жасауға және басқа да күнделікті қайталанатын операцияларды автоматтандыруға пайдаланылуы мүмкін.

«Біздің мақсатымыз – қызметкерлерге заманауи жасанды интеллект құралдарын ұсынумен ғана шектелмей, деректермен жұмыс істеудің жаңа мәдениетін қалыптастыру. Біз бұл жұмысты өзімізден бастадық. Бүгінде министрлік мамандары жасанды интеллект мүмкіндіктерін күнделікті қызметінде кеңінен қолданып келеді. Технологиялар қызметкерлердің қайталанатын жұмыстарын азайтып, талдау сапасын арттыруға және неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға көмектесуі маңызды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Сонымен қатар орта буын басшылары үшін жасанды интеллект саласындағы көшбасшыларды даярлауға арналған арнайы Leadership Program бағдарламасы іске қосылуда. Бастаманың қорытынды кезеңі ведомствоның AI-Driven Ministry, яғни жасанды интеллектіге негізделген министрлік моделіне толық көшуімен аяқталады. Бұл бақылаудағы тапсырмаларға жауаптар дайындайтын, нормативтік құқықтық актілер бойынша салыстырмалы кестелер құрастыратын және басшылық үшін негізгі тезистер әзірлейтін интеллектуалды көмекшілердің тұтас экожүйесін іске қосуды көздейді.

Оқыту бағдарламасы әкімшілік және талдамалық бөлімдердің қызметкерлерінен бастап құрылымдық бөлімше басшылары мен цифрлық технологиялар саласының мамандарына дейінгі түрлі бағыттағы қызметкерлерді қамтиды. Мұндай тәсіл мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз пайдаланудың ортақ мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жинақталған тәжірибе, сыналған тәсілдер мен тиімді шешімдерді алдағы уақытта мемлекеттік аппараттың барлық құрылымына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.