Home Технологиялар Ғаламтор және желі Ұлытау облысында алғашқы Smart Point цифрлық ХҚКО іске қосылды

Ұлытау облысында алғашқы Smart Point цифрлық ХҚКО іске қосылды

13

Ұлытау облысы елімізде жаңа буындағы цифрлық ХҚКО — Smart Point жобасы іске қосылған алғашқы өңір атанды. Бұл — мемлекеттік қызметтерді ұсынудың сапалы жаңа деңгейіне көшуге бағытталған инновациялық кеңістік. Жоба халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, электронды қызметтерді өз бетінше пайдалануды дамытуға және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара әрекеттесудің заманауи, ыңғайлы әрі технологиялық ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Smart Point — бұл азаматтар операторлардың қатысуынсыз-ақ мемлекеттік қызметтерді өздігінен ала алатын жоғары технологиялы заманауи кеңістік. Мұндай тәсіл тек кезек күту уақытын едәуір қысқартып қана қоймай, мемлекеттік цифрлық сервистермен өзара әрекеттесудің жаңа мүмкіндіктерін де ашады.

Орталық қазіргі пайдаланушылардың қажеттіліктері ескерілген бірнеше функционалды аймақтан тұрады.

Экспресс-аймақ мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған терминалдармен жабдықталған. Сондай-ақ бұл бөлімде құжаттарды мессенджерлер мен өзге де цифрлық байланыс арналары арқылы жедел жолдау мүмкіндігі қарастырылған.

Цифрлық аймақта сымсыз қуаттау станциялары мен жоғары жылдамдықты сканерлер орнатылған. Осының арқасында келушілер қажетті құжаттарды тез арада цифрландырып, оларды мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жүктей алады. Сараптамалық аймақ күрделі мемлекеттік қызметтерді мамандардың сүйемелдеуімен алу үшін қарастырылған.

Цифрлық сауаттылықты үйретуге арналған аймаққа ерекше назар аударылған. Бұл кеңістік интерактивті экранмен және жайлы оқу-демалыс аймағымен жабдықталған. Мұнда тұрғындар цифрлық дағдыларын тегін жетілдіріп, жаңа электронды қызметтерді меңгеріп, цифрлық мемлекеттің мүмкіндіктерін еркін пайдалануды үйрене алады.

Бүгінде Smart Point — тек қызмет көрсетудің жаңа форматы ғана емес, технология адамдарға барынша жақындай түсетін, ал мемлекеттік қызметтер ыңғайлы, қолжетімді әрі тиімді бола түскен кеңістік. Мұндай жобаларды жүзеге асыру азаматтардың өмір сапасын арттыруға, қоғамдағы цифрлық мәдениетті нығайтуға және цифрлық Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз қалауға мүмкіндік береді.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқи аласыздар.