Home Электроника Компьютерлер,ноутбуктер мен планшеттер ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

19

ASUS компаниясы әртүрлі қызмет салаларына лайықталған ноутбуктердің кең таңдауымен үнемі таңғалдырып келеді. Ойынға арналған қуатты құрылғылардан бастап, күнделікті жұмысқа ыңғайлы сенімді үлгілерге дейін, бірнеше экранмен жабдықталған дизайнерлік модельдерден бастап, іскерлік мақсатқа бағытталған жеңіл, ықшам әрі қуатты ноутбуктерге дейінгі ауқым айрықша кең. Осы жолы біз ASUS ExpertBook B9406CAA моделіне тоқталамыз. Бұл құрылғы ұтқырлықты, жоғары өнімділікті және киберқауіпсіздікті бағалайтын заманауи пайдаланушыға, стартап иесіне немесе кәсіпкерге барынша сай келеді.

Дизайн және эргономика

Бұл ықшам әрі сәнді модельді сынап көруге көптен бері қызығушылық болғаны рас.

Алдымен сыртқы келбетіне назар аударайық. ASUS ExpertBook B9406CAA өзіне тән ерекше әсер қалдырады, тіпті бір қарағанда ғарыштық нақышты аңғартатын тұстары бар. Құрылғы аса жұқа әрі ықшам: өлшемі 310 × 210 мм, қалыңдығы небәрі 10,9 мм-ден басталады. Пішіні жұмыр, бұрыштары тегіс иілген. Ноутбуктың жеңілдігі соншалық, оны екі саусақпен-ақ ұстауға болады: салмағы 990 грамнан да төмен. Мұндай құрылғы рюкзакқа да, іскерлік портфельге де, шағын ноутбук қапшығына да, тіпті орташа көлемдегі әйелдер сөмкесіне де оңай сыяды.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Корпусы күңгірт, ашық сұр түсті, аздаған металл реңкі бар. Қол тигенде салқын әсер береді, әрі бетінде саусақ іздері қалмайды, сол арқылы құрылғының сыртқы көрінісі әрдайым жинақы күйінде сақталады. Ұстауға да, алып жүруге де өте ыңғайлы, себебі қолға таймайды.

Төменгі бөлігінде тірек қызметін атқаратын екі ұзынша шығыңқы элемент орналасқан. Олар екі негізгі міндетті қатар атқарады. Біріншіден, жұмыс барысында құрылғы корпусын үстел бетінен сәл көтеріп, ауа айналымын жақсартады, соның нәтижесінде салқындату тиімді жүреді. Екіншіден, тіректердің беті резеңкемен қапталған, бұл ноутбуктың жылтыр бетте де сырғып кетпеуін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ төменгі жағында салқындату жүйесіне арналған кең желдеткіш саңылаулар жолағы бар. Ауа алмасуына арналған тесіктер бүйір жақтарда және топсалық механизмге жақын тұста да қарастырылған.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Порттардың орналасуы

Ноутбуктың екі қапталындағы барлық порттар күшейтіліп жасалған, бұл оларды күнделікті пайдалану барысында зақымданудан қорғайды.

Оң жақ бөлігінде USB Type-A және Thunderbolt 4 порттары орналасқан. Thunderbolt 4 – электронды құрылғылар арасында деректер алмасуға арналған әмбебап заманауи интерфейс. Ол жоғары жылдамдықтағы дерек тасымалын, жоғары айқынды бейнесигнал жеткізуді және бір ғана кабель арқылы құрылғыларды қуаттандыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Сол жақ қапталында тағы бір Thunderbolt 4 порты, HDMI 2.1 порты, USB Type A ұясы және аудио қосқыш орналасқан.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Порттар жиынтығы жалпы алғанда жеткілікті деңгейде ойластырылған. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, қосымша мүмкіндіктер әрдайым артық болмайды, сондықтан порттардың санын арттыра түскен жөн деген пікір де орынды.

Пайдалануға лайықталған аса берік корпус.

ASUS ExpertBook B9406CAA корпусы сыртқы келбетімен ғана емес, беріктігімен де ерекшеленеді. Ол күрделі пайдалану жағдайларын ескере отырып жасалған. Құрылғының сырты сызатқа, қысымға, соққыға және коррозиялық әсерлерге төзімді. Мұндай қасиеттер магний мен алюминий қорытпасынан құйылып, авиация және ғарыш өнеркәсібінде қолданылатын керамикалық наноқаптамамен өңделуінің нәтижесі. Құрылғы MIL-STD 810 H әскери стандартына сәйкес келеді, бұл оның ұзақ уақыт бойы сенімді қызмет атқара алатынын айғақтайды.

Оны жол үстінде еш алаңсыз пайдалануға болады. Автокөлікте, ұшақта, пойызда немесе ұзақ сапар барысында құрылғы дірілге, кездейсоқ су шашырауына, соққы мен қысымға төтеп береді, тіпті шағын биіктіктен құлаған жағдайда да жұмыс қабілетін жоғалтпайды. Ол кеңсе жағдайында да, өндірістік ортада да, табиғат аясында да, түрлі таныстырылымдарда, демалыс кезінде немесе оқу үдерісінде де өзін сенімді серік ретінде көрсете алады.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Қақпағы жеңіл күш салумен ашылады және бірқалыпты қозғалады. Ашылған күйде пайдаланушыға ыңғайлы деңгейде берік бекітіледі. Ілмек механизмі жоғары сенімділікпен жасалған және кемінде 50 мың рет ашып-жабуға есептелген.

Пернетақта мен тачпад.

Құрылғының ықшам өлшеміне қарамастан, пернетақтасы жұмысқа ыңғайлы. Пернелер басылғанда шығатын дыбыс өте бәсең, жұмсақ әрі жағымды естіледі. Пернелердің жүріс тереңдігі 1,5 мм.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Ноутбук іске қосылған сәтте пернетақта біркелкі әрі жарық болып жанады, кейін жарықтылығы біртіндеп бәсеңдейді.

Соған қарамастан, пернелердегі жарық толық өшпейді. Бұл көзді шаршатпайды, керісінше кез келген жарық жағдайында әріптерді анық көруге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда жарық деңгейін пернетақтаның жоғарғы бөлігінде орналасқан арнайы пернелер арқылы оңай реттеуге болады. Бірнеше жарық режимін таңдауға немесе автоматты баптауды іске қосуға мүмкіндік бар.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Ноутбук қазіргі заманның үнемі қозғалыста жүретін пайдаланушысына лайықталып жасалғандықтан, оның пернетақтасы сұйықтық тамшыларынан қорғайтын арнайы қабатпен жабдықталған. Күнделікті жұмыс барысында немесе жол үстінде абайсызда төгілген кофе не кенет басталған жаңбыр сияқты жағдаяттар туындауы мүмкін. Осындай жағдайда құрылғының сенімділігі сақталады.

Құрылғыны іске қосу батырмасы пернетақтаның жоғарғы бөлігінің оң жақ шетіне орналастырылған. Ол саусақ ізі арқылы сәйкестендіру жүйесімен кіріктірілген. Бұл жеке деректердің қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Сондай-ақ көпнүктелі басқару мүмкіндігі бар, көлемі кең әрі пайдалануға ыңғайлы сенсорлық тақтаға назар аударуға болады. Басқару аймағы саусақ қимылын дәл танып, әрекетке жедел жауап береді. Қимылға сезімталдығы жоғары болғандықтан, пайдаланушының әрбір қадамы кідіріссіз орындалады. Тіпті компьютер мен тінтуірге үйренгендердің өзі мұндай сенсорлық тақтамен жұмыс істеудің қаншалықты жеңіл екенін бірден аңғарады.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Дыбыс жүйесі мен микрофондар

Пернетақтаның оң және сол қапталында динамиктерге арналған ұсақ тесіктер жолағы орналасқан. Dolby Atmos технологиясына негізделген дыбыс жүйесі алты динамиктен тұрады: екі қос төмен жиілікті және екі жоғары жиілікті динамик. Шығатын дыбыс сапалы, қуатты, кеңістікті әрі таза, артық дірілсіз беріледі.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Дыбыс туралы айтылған соң, микрофондардағы жасанды интеллект негізіндегі шуды азайту жүйесін де атап өткен жөн. Мұнда бір адамның сөйлеуіне арналған режимді де, топтық әңгімеге лайықталған режимді де таңдауға болады. Бұған қоса дауыс иесін тану мүмкіндігі де қарастырылған.

Енді ASUS ExpertBook B9406CAA құрылғысының экранына тоқталайық.

Құрылғы 14 дюймдік 3K Tandem OLED панелімен жабдықталған. Бұл — қазіргі ІТ өнімдеріндегі озық техникалық шешімдердің бірі. Технологияның мәні бірінің үстіне бірі қабаттасқан екі органикалық жарықдиодты қабаттың үйлесімінде жатыр.

Екі қабатты құрылым бірнеше мәселені бірден шешеді:

1.Ең алдымен, жарықтылық деңгейі айтарлықтай артады. Көрсеткіш 1400 кд/м² шамасына дейін жетеді, ал кәдімгі OLED экрандарда бұл мән көбіне 500–600 кд/м² аралығында болады. Қабаттасқан екі панельдің жарық ағыны бірігіп, экранды анағұрлым жарық етеді.
2.Сонымен қатар, экранның күйіп кету ықтималдығы төмендейді. Жарық жүктемесі екі қабатқа бөлініп түсетіндіктен, әр қабатқа түсетін салмақ азаяды.
3.Осы тәсіл дисплейдің қызмет ету мерзімін де ұзартады. Екі қабаттағы пиксельдер төменірек жарық деңгейінде жұмыс істейтіндіктен, жылу бөлінуі азаяды, сәйкесінше тозу қарқыны баяулайды. Нәтижесінде экранның жұмыс істеу мерзімі әдеттегі OLED панельдермен салыстырғанда екі-үш есе ұзағырақ болуы мүмкін.
4.Энергия тиімділігі де жоғарылайды. Жарық қайтарымы артқанымен, қуат тұтыну айтарлықтай көбеймейді, бұл құрылғының автономды жұмыс уақытын ұзартуға мүмкіндік береді.
5.Бұдан бөлек, мұндай панельдер құрылғыны жұқалтаң әрі жеңіл етіп жасауға жағдай жасайды, ал бұл заманауи әрі ықшам ноутбуктер үшін маңызды.

2880×1800 ажыратымдылығы кескіннің айқын әрі анық берілуін қамтамасыз етеді. Ал 120 Гц жаңарту жиілігі мен HDR мүмкіндігі бейненің бірқалыпты, табиғи әрі көзге жайлы көрсетілуіне жағдай жасайды. Кадрлардың өзара үйлесімді берілуі қозғалыс кезінде де кескіннің жұлқына шықпай, біркелкі көрінуін қамтамасыз етеді.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Сынақтан өткізілген үлгідегі экран сенсорлық сипатқа ие және өте жеңіл жанасудың өзін дәл қабылдайды. Бұл жұмыс барысында айтарлықтай қолайлылық береді. Экран беті арнайы күңгірт, шағылысты азайтатын қабатпен қапталған, сондықтан артық жарықтың шағылысын тиімді бәсеңдетеді.

Сенсорлық экран болғандықтан, оның бетіне қосымша қорғаныш қабат жағылған. Бұл қабат жанасуға, қысымға және сызаттарға төзімділігімен ерекшеленеді.

Айта кету керек, сатылымда дәл осы ноутбуктің сенсорлық емес, яғни жанасуға жауап бермейтін қарапайым дисплеймен жабдықталған нұсқалары да бар. Демек, таңдау пайдаланушының өз қалауына байланысты.

Экранның көріну сапасы үй-жай ішінде де, ашық ауада да жоғары деңгейде сақталады. Жарықтығын пернетақта арқылы реттеуге болады немесе автоматты түрде баптау мүмкіндігі қарастырылған.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Жіңішке жиектер экранға заманауи әрі серпінді келбет береді. Түстердің берілуі табиғи және қанық, бейне анық әрі шынайы көрінеді. Фото мен бейне мазмұнды тамашалау ерекше әсер қалдырады. Әсіресе HDR форматындағы бейнелердің көрінісі айрықша айқын әрі әсерлі.

Құжаттармен жұмыс істеу де ыңғайлы. Жарық мол ортада да экран көмескіленбейді, мәтін анық оқылады және көзді шаршатпайды. Қажет болған жағдайда ұсақ қаріпті мәтінді экранды саусақпен үлкейту арқылы оңай оқуға болады.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Экран жарықтығын реттеумен қатар, түнгі режимді қосып, көк түстің үлесін азайтуға мүмкіндік бар.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Дисплейдің беткі қабаты жанасуға жағымды, саусақ іздері айқын байқалмайды. Бұл да маңызды артықшылықтардың бірі, өйткені таза экранмен жұмыс істеу әрдайым қолайлы.

Дегенмен экранды спирт қосылған ерітінділермен сүртуге болмайды. Күтім жасау үшін арнайы жұмсақ әрі қауіпсіз сұйықтықтар немесе майлықтарды қолданған жөн.

Камера

ASUS ExpertBook B9406CAA моделінде ажыратымдылығы 2 мегапиксель болатын 1080p форматтағы алдыңғы камера орнатылған. Ол, әсіресе, жарық жеткілікті жағдайда, жоғары сапада жұмыс істейді. Құрылғыда бірнеше жұмыс режімі бар: фототүсірілім, бейнетүсірілім және штрихкодты сканерлеу.

Қосымша ретінде көзқарасты түзету, автоматты кадрлау сынды әсерлерді қосуға, сондай-ақ фонды бұлдыратудың екі түрлі нұсқасын таңдауға болады.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Сонымен қатар камера объективін механикалық түрде жауып тұратын арнайы қақпақпен жабдықталған. Ал инфрақызыл датчиктер пайдаланушы құрылғыдан алыстаған жағдайда ноутбукті автоматты түрде бұғаттай алады.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Қуат көзі

Жинаққа қуаты 90 ватт болатын қоректендіру адаптері кіреді. Оны ноутбукке сол немесе оң жақтан қосуға болады, бұл пайдаланушыға қосымша ыңғайлылық береді.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Ноутбук дәл ең керек сәтте өшіп қалып, батареясы көз алдыңызда тез отырып қалған жағдай сіздің басыңыздан да өткен болар. ASUS ExpertBook B9406CAA үлгісінде мұндай мәселе туындамайды, себебі ол сыйымдылығы 70 ватт-сағат болатын қуатты аккумулятормен жабдықталған.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Соның арқасында құрылғы автономды режимде 26 сағатқа дейін жұмыс істей алады, яғни толық бір жұмыс күніне артығымен жетеді.

Назар аударар жайт, қуаттағыш адаптер небәрі жарты сағаттың ішінде аккумуляторды 50 пайызға дейін толтыра алады.

Енді ASUS ExpertBook B9406CAA моделінің ішкі техникалық мүмкіндіктеріне тоқталайық.

Ноутбук Intel Core Ultra X7 358H процессорымен жұмыс істейді. Дәл осы чип құрылғының жоғары өнімділігін қамтамасыз етеді.

Нейропроцессордың есептеу қуаты 50 TOPS-қа дейін жетсе, платформаның жиынтық өнімділігі 180 TOPS деңгейіне дейін барады. Бұл көрсеткіштер күнделікті жұмыс міндеттерінің басым бөлігін еркін орындауға жеткілікті.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Жад көлемі де талапқа сай. Қатты күйдегі жинақтаушының сыйымдылығы 2 ТБ-қа дейін жетеді. Мұндай мүмкіндік бірнеше жыл бұрын қолжетпес жаңалық болып көрінетін.

Жедел жадтың ең жоғары көлемі 64 ГБ-қа дейін ұлғайтылған.

Салқындату жүйесі.

Жаңартылған салқындату жүйесіне де ерекше тоқталған жөн. Бұл – жоғары тиімділік пен төмен шу деңгейін үйлестірген озық инженерлік шешім.

Осындай қуат көрсеткіштеріне қарамастан, ASUS ExpertBook B9406CAA ең тыныш жұмыс істейтін ноутбуктердің қатарына жатады. Желдеткіштердің дыбысы тіпті жүктеме артқан кезде, мысалы stress-test барысында да, бәсең әрі жайсыздық тудырмайды. Бұған қоса, пайдаланушы өзіне қолайлы жұмыс режимін таңдай алады.

Мұнда бөлімде құрылғының өнімділік көрсеткіштерін бағалау мақсатында жүргізілген сынақтардың нәтижелері мен қолданбалы бағдарламалардың көріністері берілген.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Киберқауіпсіздік

Қазіргі заманда киберқауіпсіздік тек бизнес үшін ғана емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сандық ортадағы деректер алмасуы мен ақпараттық жүйелерге тәуелділік артқан сайын, жеке мәліметтердің қорғалуына деген талап та күшейе түсуде.

Мәселен, қорғаныстың маңызды құралдарының бірі – дискретті TPM 2.0 чипі. Бұл технология түрлі қосымшалар пайдаланатын сәйкестендіру деректерін, яғни логиндер, кілттер мен құпиясөздерді қауіпсіз сақтауға арналған сенімді орта қалыптастырады.

Microsoft Pluton – орталық процессорға біріктірілген жаңа буындағы қауіпсіздік чипі. Ол Windows 11 жүйесіндегі деректерді құрылғы деңгейінен бастап бұлттық инфрақұрылымға дейін кешенді түрде қорғауға бағытталған.

DUAL BIOS технологиясы жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Негізгі жүйеде ақау туындаған жағдайда, ол автоматты түрде резервтік көшірмеге ауысып, құрылғының жұмыс қабілетін қалпына келтіреді.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Құрылғыда дербес мәліметтердің қауіпсіздігін күшейтетін бірнеше шешім қарастырылған. Соның бірі — пайдаланушыны бет-әлпеті арқылы танитын инфрақызыл камера. Бұл тәсіл жұмысқа артық әрекетсіз, бірден кіруге мүмкіндік береді әрі құрылғыға бөгде адамның рұқсатсыз қол жеткізуін шектейді.

Пайдаланушы экраннан алыстаған сәтте жүйе өзін-өзі бұғаттайды. Мұндай тетік жұмыс барысында деректердің ашық қалып қою қаупін азайтады.

Қуат батырмасына саусақ ізімен сәйкестендіру мүмкіндігі енгізілген. Ал камерадағы механикалық қақпақ бейнеқоңыраудың байқамай іске қосылып кетуінің алдын алады. Жалпы, аталған шешімдер құрылғының іскерлік ортадағы талаптарға бейімделгенін аңғартады.

Іскерлік мақсатқа лайықтылығы

ASUS ExpertBook B9406CAA моделінің іскерлік ортада қолдануға қаншалықты қолайлы екеніне қысқаша тоқталайық.

Құрылғыда жұмысты жеңілдетуге арналған бірқатар пайдалы мүмкіндіктер бар. Қарапайым құралдардан бастасақ, экранды үлкейту немесе түс реңктерін өзгерту сияқты функциялар қарастырылған. Сонымен қатар жасанды интеллектіге негізделген шешімдер де кеңінен қолданылған, бұл күнделікті жұмыс үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі мүмкіндіктердің рөлі артып келеді. Дауыспен басқару, жедел аударма, экрандық диктор, автоматты субтитрлеу, мәтінді өңдеу және құжаттармен жұмыс істеу секілді қызметтер пайдаланушы тәжірибесін жаңа деңгейге көтереді.

ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім
ASUS ExpertBook B9406CAA – заманауи кәсіпкерге арналған ықшам әрі сенімді шешім

Бұған қоса, жүйенің икемді кеңейтілуі мен қашықтан қол жеткізу мүмкіндіктері қазіргі заман талаптарына сай тиімді жұмыс істеуге жол ашады.

Қорытынды

Егер сізге ықшам әрі жеңіл, сонымен бірге берік корпусқа ие, сапалы және ұзақ мерзімге шыдайтын дисплейі бар, сенсорлық басқаруға дәл жауап беретін, қуатты дыбыс жүйесімен жабдықталған, автономды жұмыс уақыты ұзақ, заманауи технологиялар мен киберқауіпсіздік шешімдері толық қамтылған ноутбук қажет болса, ASUS ExpertBook B9406CAA моделіне назар аударған жөн. Бұл құрылғы кәсіби деңгейде өнімді жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, бос уақытта да пайдаланушыға жайлы тәжірибе ұсынады.