Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Цифрлық қауіп күшейді: гаджеттегі жеке деректерді сақтаудың тиімді тәсілдері

Цифрлық қауіп күшейді: гаджеттегі жеке деректерді сақтаудың тиімді тәсілдері

10

Соңғы жылдары алаяқтар азаматтардың мобильді құрылғыларын қаржылық деректерге қол жеткізудің негізгі арнасына айналдырып отыр. Зиянды қосымшалар, жалған сілтемелер мен қолдан жасалған хабарламалар арқылы қаскөйлер интернет-банкинг жүйелеріне, банк карталарының CVV-кодтарына, логиндер мен құпиясөздерге және басқа да құпия ақпараттарға қол жеткізуге тырысады. Мұндай әрекеттер жеке мәліметтердің таралуына және қаржылай шығынға әкелуі мүмкін.Осы қауіптердің алдын алу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға келесі қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес береді.

Ең алдымен, мобильді құрылғыға сенімді антивирустық бағдарламаны орнатып, оны тұрақты түрде жаңартып отырған жөн. Қосымшаларды тек ресми платформалардан — Google Play мен App Store дүкендерінен жүктеген дұрыс. Сонымен қатар әрбір қосымша сұрайтын рұқсаттарды мұқият тексеріп, байланыс деректеріне, SMS хабарламаларына, микрофонға немесе экранға қажетсіз қолжетімділікті шектеу маңызды.

Сарапшылар күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады. Әсіресе электронды пошта, мессенджерлер немесе push-хабарламалар арқылы келген белгісіз сілтемелерден сақ болған абзал. Әр түрлі сервистер үшін күрделі әрі бір-біріне ұқсамайтын құпиясөздерді қолдану және құпиясөздерді басқаруға арналған арнайы менеджерлерді пайдалану да қауіпсіздікті арттырады.

Мамандар смартфонда банк карталарының фотосуреттерін, құпиясөздерді немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны сақтамауға кеңес береді. Бұған қоса құрылғыда экранды бұғаттау, биометриялық қорғаныс жүйелері және құрылғы жоғалған жағдайда деректерді қашықтан өшіру функцияларын іске қосқан жөн.

Сондай-ақ телефон арқылы немесе мессенджерлерде ешқашан кодтарды, құпиясөздерді және басқа да құпия мәліметтерді хабарламау қажет. Тіпті өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырған адамдарға да сенуге болмайды.

Қосымша қауіпсіздік шаралары ретінде құрылғының операциялық жүйесі мен орнатылған қосымшаларды үнемі жаңартып отырған дұрыс. Өйткені жаңартуларда кибершабуылдардан қорғайтын маңызды қауіпсіздік түзетулері қамтылады. Сонымен қатар банк қосымшаларындағы барлық операцияларды хабарламалар арқылы бақылап, транзакцияларға лимит орнату және банк сервистеріне кіру кезінде биометриялық растауды қолдану ұсынылады.

Сарапшылар цифрлық қауіпсіздік мәдениетін отбасы ішінде де қалыптастыру маңызды екенін айтады. Балалар мен егде жастағы туыстарға күмәнді хабарламаларды шынайы ақпараттан қалай ажыратуға болатынын, сондай-ақ алаяқтардың психологиялық айла-тәсілдеріне алданбаудың жолдарын түсіндіру қажет.

Егер мобильді құрылғы жоғалып кетсе немесе оған рұқсатсыз қол жеткізілді деген күдік туындаса, бірден банк карталарын бұғаттап, барлық құпиясөздерді өзгерту және интернет-банктегі белсенді сессияларды тоқтату керек. Бұдан кейін құқық қорғау органдарына жүгініп, қажет болған жағдайда ұялы байланыс операторына хабарласып SIM-картаны бұғаттау ұсынылады.

Материал Fingramota.kz деректері негізінде дайындалды.