Home Сараптама Жасанды интеллектіге негізделген киноакадемия Голливудтың болашақ киногерлерін даярлауға кірісті

Жасанды интеллектіге негізделген киноакадемия Голливудтың болашақ киногерлерін даярлауға кірісті

14

Жасанды интеллект Голливудтың қалыптасқан келбетін түбегейлі өзгертіп, шығармашылық салада жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашуда. Академия 170 елде 11 тілде онлайн курстар ұсынып, әлемнің түкпір-түкпірінен он мыңға жуық тыңдаушыны біріктіріп отыр. Curious Refuge AI киноакадемиясы жасанды интеллект көмегімен киноөндіріс негіздерін меңгергісі келетіндер үшін халықаралық білім алаңына айналды.

Голливудта жасанды интеллектіге қызығушылық күн санап артып келе жатқанымен, бұл технологияға күдікпен қарайтындар да аз емес.

Өткен жылы өндіріс көлемінің күрт қысқаруы салдарынан жұмысынан айырылған визуалды эффектілер саласының тәжірибелі маманы Майкл Энг Лос-Анджелестегі бос жұмыс орындарын қарап отырып, түйіндемесіндегі бір олқылықты аңғарған. Ол машиналық оқыту саласында тәжірибесінің жоқ екенін түсінді.

Саланың қарқынды технологиялық өзгерістері жағдайында кәсіби бағытын қайта ойластыруды мақсат еткен Энг жасанды интеллект көмегімен киноөндірісті үйрететін Curious Refuge онлайн мектебіне жүгінді.

2023 жылдың мамыр айында іске қосылған бұл беделді киноакадемия генеративті технологиялардың ықпалымен өндіріс үдерісі түбегейлі өзгеріп жатқан тұста голливудтық мамандардың жаңа талаптарға бейімделуіне мүмкіндік беретін білім ордасына айналды. Сонымен қатар, жасанды интеллект кейбір сала өкілдері үшін жұмыс орнын жоғалту қаупін тудырса да, академия жаңа мансаптық жолдарды ашуға ықпал етуде.

Дегенмен Голливудта жасанды интеллектіге сақтықпен қарайтын көзқарас әлі де басым. Сыншылар өткен жылы жасанды интеллект арқылы жасалған актриса Тилли Норвудтың экранға шығуын саладағы алаңдаушылықтың айқын көрінісі ретінде атап өтеді. Актерлердің SAG-AFTRA кәсіподағы бұл құбылысты адам орындаушыларын синтетикалық бейнелермен алмастыру әрекеті ретінде бағалап, қатаң сынға алған еді.

Автор: Доун Хмелевски

Reuters

Материал қысқартылып жазылды.