Жасанды интеллект құралдары нарығындағы көшбасшылық үшін күрес барған сайын қыза түсті. Anthropic пен OpenAI араға небәрі 27 минут салып, ірі ұйымдар мен компанияларға арналған жаңа флагмандық модельдерін ұсынды. Олар — Claude Opus 4.6 және GPT-5.3-Codex.
Бұл екі жүйе де күрделі, көпсатылы тапсырмаларды орындауға қабілетті әрі ең алдымен корпоративтік ортаға бағытталған. Мұнда жасанды интеллект тек код жазумен шектелмей, бағдарламалық өнімдердің барлық дерекқоры мен файлдық жүйесі көлемінде толыққанды жұмыс істеуге бағытталған.Индустрияда жасанды интеллектке негізделген бағдарламашылардың қарқынды дамуы салдарынан бағдарламалық қамтамасыз ету мен IT-қызметтер секторы бір аптаға жетпейтін уақытта шамамен бір триллион доллар капитализациясынан айырылды.
OpenAI компаниясы GPT-5.3-Codex моделін бағдарламалауға арналған ең озық агенттік жүйесі ретінде сипаттайды. Компанияның мәліметінше, бұл модель алдыңғы нұсқасына қарағанда 25 пайызға жылдамырақ жұмыс істейді әрі зерттеу жүргізуді, түрлі құралдармен өзара әрекеттесуді және күрделі әрекеттер тізбегін қамтитын ұзақмерзімді тапсырмаларды әлдеқайда тиімді орындайды.
Сонымен қатар OpenAI GPT-5.3-Codex моделінің өздігінен жетілдірілу үдерісінде айрықша рөл атқарғанын атап өтті. Жүйе оқыту процестерін ретке келтіруде және тестілеу нәтижелерін талдауда белсенді қолданылған. Жаңалыққа Codex интерфейстерінің барлығы арқылы, соның ішінде 2 ақпанда таныстырылған macOS қосымшасы арқылы да қол жеткізуге болады.
Anthropic өз кезегінде Claude Opus 4.6 моделінің басты ерекшелігі ретінде командалық агенттер функциясын алға тартады. Бұл мүмкіндік тапсырмаларды бірнеше ЖИ-агентке қатар бөліп, әрқайсысына жүктелген бөлікті параллель орындауға жағдай жасайды. Агенттер бір-бірімен үйлесімді әрекет етіп, процесті бір агенттің кезең-кезеңімен орындауына тәуелді етпейді.
Opus 4.6 моделінде алғаш рет бір миллион бірлікке дейінгі кең мәтіндік қамту мүмкіндігі іске қосылды. Соның арқасында жүйе бір ғана сұрау барысында шамамен 1500 бетке тең мәтінді немесе 30 мың жолға жуық бағдарламалық кодты талдай алады. Бұл ірі бағдарламалық жобалармен және көлемді ұйымдық құжаттармен жұмыс істеуде айрықша тиімді. Сонымен бірге Claude жүйесі енді PowerPoint бағдарламасына бүйірлік құралдар тақтасы ретінде тікелей біріктірілді.
OpenAI мен Anthropic жаңалықтарымен қатар, GitHub Agent HQ жүйесінің жаңартылған нұсқасын жариялады. Бұл жаңарту платформаны бірнеше ЖИ-агентпен қатар жұмыс істеуге бейімдейді. Енді Copilot Pro+ және Enterprise пайдаланушылары GitHub пен Visual Studio Code ортасында тек өз Copilot агентін ғана емес, сонымен бірге Claude және OpenAI Codex секілді сыртқы шешімдерді де біртұтас жұмыс процесі аясында іске қоса алады. Әзірлеушілер бір тапсырмаға бірнеше агентті қатар тағайындап, олардың ұсынған бәсекелес шешімдерін салыстырып бағалау мүмкіндігіне ие болды.
АҚШ-тың жетекші қор индекстері S&P 500 мен Nasdaq айтарлықтай төмендеді. Инвесторлар технологиялық және бағдарламалық компаниялардың акцияларын жаппай сата бастады. Олар жаңа автономды ЖИ-агенттер уақыт өте келе дәстүрлі корпоративтік бағдарламалық өнімдердің бір бөлігін алмастырып, саланың бизнес-модельдерін түбегейлі өзгертуі мүмкін деп қауіптенеді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл үрдіс бір аптаға жетпейтін мерзімде бағдарламалық қамтамасыз ету мен IT-қызметтер секторының капитализациясын шамамен бір триллион долларға қысқартты. Anthropic пен OpenAI ұсынған жаңа құралдар технологиялық трансформацияның жеделдей түскенін аңғартатын тағы бір маңызды белгі ретінде қабылданды.
Екатерина Шемякинская












