Қазақстанның кәсіпорындары жасанды интеллектіні өз өндірістік процестеріне ендіруде белсенділік танытуда. Бұл үрдісті 2025–2026 жылдарға арналған «Ірі кәсіпорындардың өндірістік процестерінде жасанды интеллектіні қолдану бойынша жол картасы» одан әрі жеделдетіп отыр.
Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық даму саласындағы екі профильдік министрлік жол картасына 2025–2026 жылдары 11 ірі кәсіпорында жүзеге асырылатын 41 жобаны енгізген.
Жол картасының практикалық кезеңі ретінде 2025 жылдың қазан айында іске қосылған Industrial AI Acceleration бағдарламасы ірі кәсіпорындарға инновациялық шешімдерді жылдам іріктеп, енгізуге мүмкіндік берді. Бағдарлама барысында 220-дан астам өнеркәсіптік компаниялардың өкілдері, технологиялық стартаптар мен сала сарапшылары, соның ішінде 20-дан астам халықаралық жасанды интеллект мамандары қатысты. Акселерация шеңберінде 95 трекшн-митинг (нәтижелерді талқылау кездесулері) өткізілсе, 50 сағаттан астам оқу және практикалық воркшоптар ұйымдастырылды, әлеуетті тапсырыс берушілерге 136 презентация ұсынылды.
Осы жұмыстың нәтижесінде 24 пилоттық жоба бастау алды, оның жетеуі өндірісте қолданысқа енгізілсе, 17 жоба 2026 жылдың бірінші тоқсанында іске қосуға дайындық үстінде.
ERG компаниясында өндірістік және бизнес-процестерді біріктірген ERG MES (Manufacturing Execution System) цифрлық платформасы енгізілді. Жүйе өнім шығару, технологиялық параметрлер және жабдық шығындарын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. ERG MES платформасы Ақтөбе мен Ақсу ферроқоспалар зауыттарында, Қазақстан электролиз зауытында және Дон кен-металл комбинатында қолданылады. Құрылғылардың қызып кетуінен туындаған өндірістік үзілістер 75%-ға қысқарды, ал анықталған ақаулардың 80%-ы операторлармен расталды.
Жүйеге MES Alina атты цифрлық көмекші енгізілген, ол дауыстық немесе мәтіндік сауал арқылы қажетті есептерді, экрандарды ашады және жабдықтан мәліметтер сұратады. Бұл өндірістік ауытқуларға реакция уақытын қысқартып, операторлардың жұмыс тиімділігін арттырады. Өткен жылы ERG MES енгізуінен алынған экономикалық пайда шамамен 1,5 млрд теңгені құрады. Бұл өнеркәсіптегі цифрландырудың тек сән емес, нақты математикалық есеп пен табыс көзін қамтамасыз ететінін айқын көрсетеді.
KAZ Minerals компаниясында – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші – жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізілуде. Мысалы, Абай облысындағы «Ақтоғай» кенішінде тасымалдау ағындарын оңтайландыру үшін жасанды интеллект құралдары біріктірілген жаңартылған HxGN Systems диспетчерлік жүйесі іске қосылды. Бұрын диспетчер бірнеше экран алдында отырып, радиобайланыс арқылы жүк көліктерін бағыттаса, жаңа жүйе бұл жұмысты автоматты түрде және дәлірек атқарады.
Сонымен қатар, Solidcore Eurasia компаниясында (Бақыршық кен-металл өндіру кәсіпорны) қауіпті өндірістерде қызмет ететін жұмысшылар үшін автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесі жұмыс істей бастады.
Биыл жол картасы аясында кәсіпорындардағы цифрландыру жалғасады. Роботтандырылған техника, интеллектуалды жүйелер, видеоанализ, жасанды интеллект ассистенттері, цифрлық егіздер, Big Data платформалары сияқты жобаларды енгізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар өнеркәсіп секторында цифрлық жетілу деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.












