Home Технологиялар Қазақстанда IT-архитекторлардың алғашқы академиясы ашылады

Қазақстанда IT-архитекторлардың алғашқы академиясы ашылады

11

Елде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бастамасымен IT-архитекторлардың алғашқы академиясы жұмысын бастайды. Жоба интеграцияланған әрі ауқымды цифрлық шешімдер дайындай алатын мамандарды даярлауға бағытталғанын министрлік хабарлады.

Академия IT-архитектураны және жасанды интеллект технологияларын тәжірибелік негізде үйрететін алаң болмақ. Оқыту төрт бағытты қамтиды: бизнес үдерістерді қайта құру, IT-архитектураны жобалау, жасанды интеллектке негізделген прототиптер әзірлеу және цифрлық жобалардың тиімділігін арттыру. Сабақтар 2025 жылдың желтоқсанында басталмақ. Алғашқы ағым тегін, өтінімдер 15 желтоқсанға дейін қабылданады.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Бақтияр Мұхаметқалиевтың айтуынша, академия жаңа буын IT-мамандарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған және бірыңғай архитектура қағидаттарына сай цифрлық қызметтер жасай алады. «Бүгінгі цифрлық өзгерістер жүйелі көзқарас пен қолданушыға деген ерекше көңілді талап етеді», – деді ол.

Академия 2025 жылдың тамызында құрылған Архитектуралық кеңестің жұмысын да қолдайды. Кеңес мемлекеттік органдарды, жергілікті атқарушы құрылымдарды және «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» секілді квазимемлекеттік ұйымдарды біріктіріп, цифрлық бастамаларды үйлестіруге және жасанды интеллектіні ұлттық деңгейде енгізуге бағытталған.

Цифрлық үкіметті қолдау орталығы елдің цифрлық құрылымын қалыптастыратын, жасанды интеллект арқылы кең ауқымды цифрландыруды ілгерілететін талдамалық әрі жобалық орталық ретінде жұмыс істейді. Ал IT-архитекторлар академиясы – заманауи цифрлық мемлекет үшін маман даярлаудың маңызды кезеңдерінің бірі болмақ.