Home Және басқа ақпараттар Және басқалары Цифрландыру жылыту маусымындағы апат қаупін 25%-ға азайтады

Цифрландыру жылыту маусымындағы апат қаупін 25%-ға азайтады

28

ҚР Энергетика министрлігі отын-энергетикалық кешеннің сенімділігін арттыру және жұмысын ашық ету мақсатында цифрлық технологияларды енгізуде. Жаңа шешімдер жылыту маусымында апаттық жағдайлардың қауіпін төрттен бір бөлікке азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Негізгі құрал ретінде EnergyTech салалық платформасы пайдаланылып отыр. Бұл жүйе энергетика саласын, пайдалы қазбаларды пайдалану, өңдеу және көмір өнеркәсібін біртұтас цифрлық ортаға біріктіреді. Жүйе QazTech стандарттарына сәйкес әзірленіп, нысандардың онлайн-мониторингі, активтерді есепке алу және жөндеуді жоспарлау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда жеті цифрлық сервис жұмыс істеп тұр, оның екеуі энергетика саласында толыққанды қолданысқа енгізілген. Олар күз-қыс кезеңіне дайындықты бақылау мен шекті тарифтерді цифрлық бекітуді жүзеге асырады. Бірінші сервис арқылы жабдықтар мен құрылымдарды цифрлық тіркеу жүргізіліп, дәстүрлі қағаз журналдардан автоматтандырылған есепке көшу жүзеге асады, бұл бақылау мен шешім қабылдауды жеделдетеді.

Министрліктің хабарлауынша, жаңа цифрлық тіркеулер жылыту маусымына дайындық мерзімін 90 күнге қысқартып, апаттық жағдайлардың санын 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Тарифтер сервисі қазір 63 субъектіні және 83 генерация нысанын қамтып, 1 600-ден астам құжатты өңдеді, сонымен қатар өтініш берушілерге түсетін әкімшілік жүктеме 56%-ға төмендеді.

Министрліктің жоспарына сәйкес, электр энергиясын автоматтандырылған есепке алу жүйелері әрі қарай кеңейтіліп, жаңа сервистер енгізілмек. Бұл отын-энергетикалық кешендегі цифрландырудың саланы тұрақты әрі қауіпсіз басқарудың негізгі базасы болуын қамтамасыз етеді.