АҚШ-тың Сан-Матео қаласында Waymo компаниясының жүргізушісіз таксиі жолаушылардың күмәнді әрекеттерін анықтаған соң сапарды өздігінен тоқтатып, полицияға хабар берген. Көлік ішіне орнатылған камералар мен микрофондар екі жасөспірімнің алкоголь ішіп, тапаншадан оқ атқанын тіркеген. Кейін олардың гидрогельден жасалған жұмсақ шарлармен атылатын ойыншық тапаншаны пайдаланғаны анықталды.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, оқиға сапар барысында болған. Жасөспірімдердің алкоголь ішіп, ойыншық тапаншаны қолданғанын тіркеген борттық бақылау жүйесі мұны жолаушылардың және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін жағдай ретінде бағалаған. Осыдан кейін роботакси жақын маңдағы автотұраққа тоқтап, есіктерін автоматты түрде бұғаттап, құқық қорғау органдарына хабарлама жіберген.
Сан-Матео полиция басқармасының мәліметіне сәйкес, күмәнді әрекеттер көлікке орнатылған камералар мен микрофондардың көмегімен анықталған. Waymo компаниясы бұл құрылғыларды қашықтан бақылау жүргізетін оператордың «көзі мен құлағы» деп атайды. Жүйе жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, салондағы жағдайды бақылауға, көлікте ұмыт қалған заттарды анықтауға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға арналған.
Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Пайдаланушылардың бір бөлігі компанияның жедел әрекетін және полициямен өзара үйлесімді жұмысын қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі ретінде бағалады. Олардың пікірінше, мұндай шешімдер ықтимал қауіптің алдын алып, құқық бұзушылықтың өршуіне жол бермейді. Ал енді бір бөлігі Waymo әрекетін шамадан тыс сақтық деп есептеп, компанияның өкілеттігіне күмән келтірді.
Сонымен қатар көпшілік жүргізушісіз көліктің полиция келгенге дейін жолаушыларды салон ішінде өздігінен бұғаттауына алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайлар автономды көліктердің өкілеттік шегі, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздік талаптарының арақатынасына қатысты жаңа сауалдарды күн тәртібіне шығарады. Бұл оқиға жүргізушісіз көлік технологиялары кеңінен қолданыла бастаған сайын әзірлеушілер тек техникалық емес, құқықтық және этикалық мәселелерді де қатар шешуге мәжбүр болатынын көрсетті.












