Home Технологиялар Ғаламтор және желі «Өрлеу» орталығы ұстаздарға цифрлық дағдыларды дамытуға тегін курс ұсынды

«Өрлеу» орталығы ұстаздарға цифрлық дағдыларды дамытуға тегін курс ұсынды

7

Ұлттық «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы педагогтардың цифрлық құзыреттілігін дамыту жұмысын жалғастырып келеді. Соңғы екі айда Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 300 мың педагог білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану бойынша онлайн-курстан өтті. Бұл туралы ҚР Білім министрлігі хабарлады.

Бағдарлама халықаралық тәжірибеге негізделіп, Қазақстанның білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімделген. Бұл оқыту бағдарламасының басты мақсаты — педагогтарға заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану арқылы оқытудың сапасын арттыруды үйрету.

Орта білім комитетінің төрағасының орынбасары Зейнеп Махсутова атап өткендей, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оның көмекшісіне айналады. Цифрлық технологияларды меңгерген педагог оқу процесін динамикалық етіп ұйымдастырып, уақыт үнемдеп, оқушылардың қызығушылығын арттыра алады.

Курс барысында мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі этикалық пайдалану дағдыларын меңгереді. Олар оқу материалдары, тесттер, иллюстрациялар және сабақ жоспарын жылдам әрі сапалы әзірлеуді үйренеді.

Тегін онлайн-бағдарлама «Өрлеу» MOOC платформасында орналастырылған және Қазақстанның барлық педагогтары үшін қолжетімді. Қатысушылар материалдарды өз ыңғайлы уақытында оқып, курсты аяқтағаны туралы куәлік ала алады. Курсқа қатысу үшін reg.orleu.edu.kz сайтында тіркелу қажет.