Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу үдерісінің барлық кезеңі, яғни жоспарлаудан бастап төлемге дейінгі барлық жұмыс www.goszakup.gov.kz веб-порталы арқылы электронды форматта жүргізіледі. Бұл жүйе мемлекеттік сатып алу саласын толық автоматтандырып, үдерістердің тиімді әрі ашық орындалуына жол ашты.
Электронды жүйе сатып алудың барлық кезеңін қамтиды. Онда конкурс өткізу, келісімшартты рәсімдеу мен тіркеу, электронды банк кепілдіктерін пайдалану, тауар жеткізу, жұмыс атқару және қызмет көрсету актілерін толтыру, сондай-ақ электронды шот-фактуралар мен төлем құжаттарын әзірлеу қарастырылған..
Порталдың мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен кеңінен біріктірілуі жеткізушілердің біліктілік талаптарына сәйкестігін, салық және сот берешектерінің бар-жоғын, адал жеткізушілер тізіміне кіруін автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл сатып алу жүйесінің ашықтығын арттырып, шешім қабылдауда адами факторды жойды.
Халықаралық Global Data Barometer зерттеуінің қорытындысы бойынша, Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесі қолжетімділік пен ашықтық деңгейі бойынша әлемде үшінші орында тұр.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң күшіне енді. Оның негізгі мақсаты – барлық реттелетін сатып алу түрлерін біріктіретін Бірыңғай сатып алу платформасын құру. Оған мемлекеттік сатып алулармен қатар квазимемлекеттік сектор ұйымдарының, Ұлттық әл-ауқат қорының және білім беру мекемелерінің тамақтандыруды қамтамасыз етуге арналған сатып алулары да кіреді.
Бірыңғай платформа «Электрондық қаржы орталығы» АҚ базасында құрылып, goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz және mitwork.kz жүйелерімен біріктірілді. Сондай-ақ ол «Сот кабинеті», «Қазынашылық-клиент», «Борышкерлер тізілімі», «Жылжымайтын мүлік тізілімі», «е-Лицензиялау» және басқа 20-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған.
Жаңа платформа реттелетін барлық сатып алу түрлеріне ашық әрі ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз етті. Бұл тәсіл жеткізушілер арасындағы бәсекені күшейтіп, әділ емес тәжірибелердің алдын алуға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашады.












