Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстан мен Қытай цифрлық білім беруді дамытуда күш біріктірмек

Қазақстан мен Қытай цифрлық білім беруді дамытуда күш біріктірмек

71

Қазақстандық колледждер мен Қытайдың Zhejiang College of Security Technology оқу орны цифрлық білім беру саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Mobilaser арнасы Astana TV-ға сілтеме жасап.

Кездесудің негізгі нәтижесі – Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің базасында жасанды интеллект зертханаларын ашу және «Жасанды интеллект» атты жаңа мамандықты енгізу туралы шешім қабылдануы болды. Бұл бастама студенттерге заманауи технологияларды меңгеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие тәжірибелік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Екі жақ сондай-ақ оқытушылар мен студенттер арасындағы академиялық ұтқырлықты дамытуға, тәжірибе алмасуға келісті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымованың айтуынша, ынтымақтастық аясында тағылымдамалар, бірлескен ғылыми және білім беру жобалары жүзеге аспақ.

Бұдан бөлек, педагог кадрларды даярлау мен халықаралық білім беру стандарттарын енгізуге ерекше назар аударылады. Министрлік өкілдері мұндай әріптестік Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру байланыстарын нығайтып қана қоймай, жасанды интеллект саласында білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті.