Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстандық оқытушылар білім беруде жасанды интеллектіні қолдануды үйренді

Қазақстандық оқытушылар білім беруде жасанды интеллектіні қолдануды үйренді

30

Елімізде жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізуге арналған арнаулы оқу бағдарламасы аяқталды. Жобаға мектеп, колледж және балабақша басшылары қатысып, жаңа технологияларды меңгерумен қатар басқару дағдыларын дамытты.

«Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект тәжірибеде» деп аталған курс ақпан айында басталып, цифрлық трансформация жағдайындағы басшылық пен басқару құзыреттерін жетілдіруге бағытталды.

Бағдарламаға Білім министрлігінің орталық аппараты, облыстық білім басқармалары мен білім беру ұйымдарының директорларын қоса алғанда 74 маман қатысты. Мұндай құрам ортақ көзқарас қалыптастыруға және саланың негізгі мәселелерін талқылап, нақты шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді.

Курс барысында стратегиялық жоспарлау, көшбасшылық қабілеттерді дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, ерте жастан білім беруді жетілдіру тақырыптары қамтылды. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні оқу процесі мен мектеп басқару ісінде қолдану жолдары қарастырылды. Хакатон аясында аймақаралық командалар жаңа технологияларға сүйенген жобаларын ұсынып, білім сапасын арттыруға бағытталған идеяларымен бөлісті.

Бағдарламаның қорытындысы бойынша басқарушы мамандардың кәсіби қауымдастығы құрылды, аймақтық деңгейде жүзеге асырылатын жобалар дайындалды және білім саласында жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдануға арналған әдістемелік ұсыныстар топтамасы жасалды.