Қазақстанда цифрлық трансформация бизнес жүргізуді айтарлықтай жеңілдетіп, процестерді жылдам әрі ашық ету жолында белсенді жүзеге асырылуда. Ұлттық экономика министрлігі мен дамытушы институттардың кешенді шаралары қазіргі заманғы цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – eGov Business веб-порталының іске қосылуы және оның мобильдік қосымшаға айналдыру мүмкіндігінің енгізілуі. Қосымшаға негізгі ақпараттық жүйелер интеграцияланып, мемлекеттік қолдау шараларының реестрі құрылды.
2025 жылғы 5 маусымда қосымшаның desktop-нұсқасы іске қосылды, бұл бизнестің қызметтерге қолжетімділігін едәуір кеңейтті. Қазіргі таңда eGov Business платформасында 33-тен астам мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді. Портал арқылы көрсетілген қызметтердің жалпы саны 3 млн 580 мыңнан асып, тіркелген пайдаланушылар саны 73 мыңнан асты.
Жаңа нұсқасы жаңартылған интерфейс пен кеңейтілген функционалды ұсынады және App Store мен Google Play арқылы жүктеуге болады. Алдағы уақытта платформа мемлекеттік қолдау шараларының толық реестрін біріктіруге дайын, бұл кәсіпкерлерге бір цифрлық алаңда кешенді ақпарат пен қолдау алу мүмкіндігін береді.
Маркетплейс және цифрлық аналитика
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен»мен бірлесіп порталға маркетплейс енгізілуде. Ол отандық өндірушілерге жаңа нарықтар мен сауда мүмкіндіктерін табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, веб-портал мен мобильдік қосымшаның қызметтері кеңейтіліп, кәсіпкерлік саласындағы заманауи цифрлық аналитика қалыптастырылуда.
АО «НУХ «Байтерек» холдингіне кіретін ұйымдардағы процестерді цифрландыруға ерекше мән берілуде. Аграрлық несие корпорациясы agronesie.kz порталы мен Agrocredit мобильдік қосымшасын іске қосып, ішкі ВРМ жүйесін ақпараттық қауіпсіздік сертификатынан өткізді. Бұл сервистер 90-нан астам мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланып, кейбір құжаттарды қағаз түрінде ұсынуды қажет етпейді.
2025 жылғы қаңтарда пилоттық режимде іске қосылған Smart-10 онлайн-кредиттеу жүйесі сәуір айынан бастап бүкіл филиалдарда қолданысқа енді. 1 шілдеден бастап сервис барлық бағыттарда жұмыс істей бастады, оның ішінде Smart-30, Smart-50 және «Кен Дала» бағдарламалары бар. Бұл қадам аграрлық кредиттеуді цифрландыруда маңызды кезең болды.
ҚазАгроФинанс компаниясы да инновациялық цифрлық сервисті енгізді. Бұл сервис ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу бойынша шешімді тек 10 минутта алуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект арқылы құжаттар автоматты түрде өңделіп, шарттар орындалған жағдайда жедел қарауға жіберіледі. Аймақтарда демонстрациялық таныстырылымдар ұйымдастырылып, фермерлерге қызметтің мүмкіндіктері көрсетілді. Қажет болған жағдайда дәстүрлі қағаз форматындағы өтініштер де сақталады.
Компания 2024 жылы енгізген онлайн-мониторинг жүйесі техникаға шығатын тексерулерді қашықтан бақылауға ауыстырып, жұмыс тиімділігін арттырған. Жаңа сервис цифрлық трансформацияның жалғасуын қамтамасыз етеді.