Home Технологиялар Қазақстандықтар енді емхананы онлайн таңдай алады

Қазақстандықтар енді емхананы онлайн таңдай алады

27

1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін еліміздің тұрғындары қалаған медициналық ұйымына тіркелу мүмкіндігіне ие. Бұл дәстүрлі түрде өтетін науқан азаматтарға емхананы ауыстырып, жаңа учаскелік дәрігерді таңдауға жол ашады.

Тіркеу рәсімі eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Осылайша, емханаға жеке барудың қажеті жоқ. Өтініш онлайн қабылданады, ал қызмет көрсету аумағы автоматты түрде бекітіледі. Жаңа өзгерістер келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Бұрынғы медициналық ұйымнан ажырату да қосымша әрекетті талап етпейді.

Медициналық ұйымды жыл ішінде басқа уақытта да ауыстыруға болады, бірақ тек ерекше жағдайларда ғана. Мәселен, тұрғылықты жері өзгерсе, жұмыс орны ауысса немесе мекеме жабылса. Мұндайда қызмет жылына бір рет көрсетіледі.

Электронды сервисті қазақстандықтар белсенді пайдаланып келеді. 2024 жылы 3,6 миллионнан астам өтініш тіркелсе, 2025 жылдың жеті айында-ақ бұл көрсеткіш 2 миллионнан асқан. Әдеттегідей ең жоғары белсенділік күзгі тіркелу науқаны кезінде байқалады.

Онлайн қызметті қамқоршылар да қолдана алады. Олар балаларын немесе әрекетке қабілетсіз ересектерді емханаға тіркей алады.

Жоба Цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылып отыр.