Home Аналитика Павлодарда жасанды интеллект білім беру жүйесіне енгізіледі

Павлодарда жасанды интеллект білім беру жүйесіне енгізіледі

94

Жаңа оқу жылынан бастап Павлодар облысында білім беру үдерісіне жасанды интеллект қолданыла бастайды. Мұғалімдерге арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, олар инклюзивті және деңгей бойынша оқытуда цифрлық құралдарды қолдануды үйренбек.

Бұл мәселе жыл сайын өтетін дәстүрлі педагогикалық конференцияда талқыланды. Биылғы шараның тақырыбы — «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман».

Жаңа оқу жылы қарсаңында 10,5 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Олардың сапалы білім алуына жағдай жасау үшін 130 заманауи оқу кабинеті ашылды, мектептердің 85 пайыздан астамы мультимедиялық құралдармен жабдықталған.

Жиында Қазақстандағы Жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева білім саласына енгізіліп жатқан жаңа жүйе туралы айтты. Оның сөзінше, қазір әңгіме тек цифрландыру жайлы емес, жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану мәселесі туралы болып отыр.

– Біз жасанды интеллектіні білім беру ортасына енгізу арқылы оқытуды жекелендіруді жетілдіруді, мұғалімдердің қағазбастылығын азайтуды және тиімділікті арттыруды көздейміз. Бірақ кез келген құралға сүйемелдеу, этикалық нормалар, құқықтық негіз және жүйелі бақылау қажет. Жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қауіптер де пайда болатынын мойындауымыз керек. Сондықтан бізге өзге елдердің тәжірибесі маңызды, – деді ол.

Анар Төлеубаева шетелдік тәжірибелерді мысалға келтірді. Мәселен, АҚШ-та мектептерде жасанды интеллект қолданудың бірыңғай ережелері жоқ, бұл жауапкершілікті мұғалімдерге жүктеп отыр. Үндістанның Карнатака штатында оқушылардың қатысуын қадағалау үшін бет-бейнесін тану жүйесін енгізу қоғам тарапынан қарсылыққа ұшыраған. Шотландияда оқушылар тапсырмаларды орындауда ЖИ-ға тым арқа сүйеп, білімді терең меңгермей қалған. Ал Австралияда «цифрлық амнезия» термині пайда болды: балалар өз бетінше үйренбеген ақпаратты есте сақтай алмай, назар қою қабілеті мен уәжі төмендеген.

– Сондықтан кез келген бастама ұлттық регламентпен және құқықтық нормалармен қатар жүруі керек. Қазақстанда жасанды интеллектті қолданудың нақты ережелері бекітілуі қажет. Ол мұғалімдер мен ата-аналарды күмәннан арылтады. Баланс маңызды. Жасанды интеллект баланың ізденісін тежемеуі тиіс. Мектеп бағдарламасына цифрлық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын үйрететін модульдерді енгізу қажет, – деді Төлеубаева.

Өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Ашыров алдағы оқу жылынан бастап жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізілетінін хабарлады.

– «AI-Kitap» платформасы іске қосылады. Мұғалімдер үш деңгейлі курстардан өтеді, ал 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқушы «Day of AI» курстарын оқиды, – деді ол.

Сонымен қатар ол педагогтардың кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Биыл біліктілікті арттыру курстарымен қамтылған мұғалімдер саны екі есеге өскен. Жаңа автоматтандырылған цифрлық жүйе арқылы үздіксіз кәсіби даму жолға қойылып, білікті педагогтар үлесі 72 пайызға жетті.

Бұдан бөлек, «Алматыкітап» баспасы Павлодар облысының білім беру саласын қолдау мақсатында аз комплектілі мектептерге 40 мобильді оқу кешенін («TopIQ – Mobil Box») тегін сыйға тартты.

Фото Валерия БУГАЕВА.