Home Технологиялар Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу бағдарламасы іске қосылды

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу бағдарламасы іске қосылды

39

Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласында жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған жаңа республикалық бағдарлама өз жұмысын бастады. Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен серіктес компаниялардың бірлесуі арқылы жүзеге асырылып отыр.

Бағдарлама аясында елордада «Білім беру үдерісіндегі жасанды интеллект құралдары: оқыту тиімділігін арттыру» тақырыбында біліктілікті арттыруға арналған тегін курстардың ресми ашылуы өтті. Бұл бастама IT саласының маманы емес колледж оқытушыларына арналған. Оқыту Астана қаласын, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарын қамтиды.

Жобаның негізгі мақсаты – педагогтердің цифрлық әрі технологиялық құзыретін дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді қолдануды үйрету. Оқу бағдарламасы 10 аптаға жоспарланған және аралас форматта өтеді. Қатысушылар теориялық білімін заманауи виртуалды платформалардағы тәжірибемен ұштастырып, практикалық дағдыларын жетілдіреді.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – оның тәжірибеге бағытталуы. Тыңдаушылар әлемнің жетекші университеттерінде білім алған сарапшылардың дәрістерін тыңдап, халықаралық технологиялық компания өкілдерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Ал қорытынды кезеңде білім беру мен бизнес саласына арналған жасанды интеллект жобаларын әзірлеуге бағытталған Hackathon Battle ұйымдастырылады.