Home Технологиялар Ғаламтор және желі 2025 жылға дейін тағы 300 ауыл OneWeb арқылы интернетке қосылады

2025 жылға дейін тағы 300 ауыл OneWeb арқылы интернетке қосылады

34

Қазақстанда ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтуға арналған ауқымды жоба басталды. Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, мыңнан астам ауылға талшықты-оптикалық желі тартылып, 445 мыңнан аса үй шаруашылығы қосылады. Нәтижесінде 2,3 миллионға жуық тұрғын жоғары жылдамдықтағы желіні пайдалана алады.

Жобаның жалпы құны 41 миллиард теңгеден асады. Қаржыландырудың бір бөлігі биыл жазда мақұлданған Дүниежүзілік банктің несиесі арқылы жүзеге асуда.

Министрлік ең әуелі мектептер мен әлеуметтік нысандарға басымдық берілетінін атап өтті. Талшықты-оптикалық желіден бөлек, спутниктік технология да қолданылады. Қазірдің өзінде 176 ауыл KazSat арқылы интернетке қосылған. Ал 2025 жылдың соңына дейін OneWeb жүйесі арқылы тағы 300-ден астам елді мекен қосылмақ.

Өткен жылы сынақ ретінде 1,5 мыңнан астам мектеп Starlink жүйесі арқылы уақытша интернетке қосылды. Алдағы үш жылда «Қазтелекомның» қатысуымен 3 мыңнан аса ауылға секундына кемінде 100 Мбит жылдамдықтағы байланыс жеткізу жоспарланып отыр.

Бүгінде елдегі 6 179 ауылдың шамамен 5 мыңы түрлі технология арқылы интернетке қосылған. Бірқатары 3G мен 4G желісін пайдаланса, кейбірінде ADSL орнатылған. Ал 2,6 мыңнан астам ауылға талшықты-оптикалық желі тартылып үлгерген.