Home Кәсіби маман Алматыда Қазақстандағы алғашқы Цифрлық медицина орталығы ашылды

Алматыда Қазақстандағы алғашқы Цифрлық медицина орталығы ашылды

28

Алматыда ауқымды медициналық жаңғырту жұмыстары аяқталып, бір мезетте үш ұйым халыққа есігін айқара ашты. Солардың ішінде елімізде тұңғыш рет іске қосылған Цифрлық медицина орталығы – Almaty Digital Medical Center (ADMC) ерекше назарға ілікті.

Орталықта ақпараттық-талдау бөлімінен бастап 1312 бірыңғай байланыс желісі, қашықтан бақылау мен кеңес беру қызметтері және жасанды интеллектке негізделген дауыс көмекшілері жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе дәрігер мен науқастың қарым-қатынасын жеңілдетіп, кезек күту уақытын қысқартып, қызмет сапасын айқын әрі қолжетімді етеді.

Қалалық №3 емханада да жаңа бөлімше іске қосылды. Мұнда ашылған Симуляциялық орталықта дәрігерлер мен медбикелер шұғыл көмек көрсету мен реанимация дағдыларын тегін жетілдіреді. Орталық заманауи манекендермен жабдықталған, ал мамандар арнайы дайындықтан Малайзияда өткен.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері дәл осы емханада ЮНИСЕФ-пен бірлескен психологиялық орталық жұмыс істеп келеді. Ол – мектеп оқушылары арасында суицидтің алдын алуға бағытталған елдегі жалғыз орталық. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсетіліп, психикалық денсаулық мәдениетін қалыптастыруға мән беріледі.

Сонымен қатар, жүйеге «Damumed» платформасына қосылған виртуалды ассистент енгізілді. Ал заманауи зертхана дәрігерлердің мүмкіндігін кеңейтіп, пациенттерге жедел әрі дәл талдау жасауға жол ашады.