Home Технологиялар Ғаламтор және желі Маңғыстаудағы алты ауылға талшықты интернет тартылады

Маңғыстаудағы алты ауылға талшықты интернет тартылады

10

Маңғыстау облысында алты ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі жүргізілмек. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жақын арада Аққұдық, Жарма, Сазды, Басқұдық, Тиген және Ноғайты ауылдарының тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Жоба толық жүзеге асқан соң, өңірдегі барлық ауыл кеңжолақты желімен қамтылып, тұрғындардың цифрлық қызметтер мен білім ресурстарына қолжетімділігі артады.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, жоба ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 27 қазандағы №949 қаулысына сәйкес іске асуда.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдар бойына биіктігі 40–60 метрлік 13 антенна-құрылғы орнатылмақ. Оның жетеуі – Маңғыстау ауданында, төртеуі – Бейнеу ауданында, ал Қарақия мен Мұнайлы аудандарында бір-бірден бой көтереді.

Қазіргі таңда бес нысан мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, қалған сегізі қаралу үстінде. Ал әзірге Қияқты мен Тасмұрын ауылдарына интернет қолжетімділігі ұлттық ғарыштық байланыс жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп отыр.