Home Технологиялар Инновациялар Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

28

Заманауи құрылғылар мен жасырын барлаушылар әлеміне жасалатын бұл қызықты сапарды музейден бастайық. Вашингтон – әлем туристерін тегін әрі мазмұны бай музейлерімен баурап алатын қала. Солардың ішінде ең ерекшесі – Тыңшылық музейі. Бұл мекеменің тұжырымдамасын қауіпсіздік саласының сарапшылары мен АҚШ-тың бұрынғы барлау агенттері бірлесіп жасаған.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Мұнда нағыз барлаушылар пайдаланған 600-ден астам ерекше жәдігер сақтаулы. Мәселен, сырт көзге опа-далапқа ұқсайтын, бірақ бір рет атуға қауқарлы тапанша, Екінші дүниежүзілік соғыста немістердің құпия кодтарын ашуға сеп болған Энигма құрылғысы, Болгариялық диссидент Георгий Марковқа қарсы уланған қолшатыр, сондай-ақ Джеймс Бонд таққан атышулы Omega сағаты да осында.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Сондай-ақ, музейге қонақтары өздерін барлаушы рөлінде сынап көру мүмкіндігіне де ие. Арнайы жасалған құпия тапсырма мен карта беріледі. Осылайша, келушілер кәдімгі турист емес, жасырын миссияға аттанған агентке айналады.

«Бонд… Джеймс Бонд» – аңыз агентке арналған көрме

Музейдегі ең танымал экспозициялардың бірі – аты аңызға айналған агент 007-ге арналған. Алғаш 2012 жылы көрермен назарына ұсынылған көрме бірнеше елді аралап, 2024 жылы қайтадан Вашингтонға оралды. Мұнда Бонд фильмдерінде қолданылған түрлі заттар мен оның экрандағы эволюциясы баяндалады.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Бүгінде музейде тұрған кейбір құрылғылар ескі дүние сияқты көрініп, күлкілі көрінуі мүмкін. Дегенмен, кезінде олар заманауи технологияның шыңы саналып, талай адамның таңдайын қақтырған. Сол кездің өзінде ертегіге бергісіз бұл жаңалықтар нағыз тыңшы әлемінің ажырамас бөлігіне айналды.

Кезінде бізге ертегі болып көрінген қалта телефондары, ақылды сағаттар, тыңшы камералар мен бақылау құрылғылары бүгінде өмірдің бір бөлшегіне айналды.

Бұрын тек кино мен қиял-ғажайып әңгімелерде кездесетін қалта телефондары, түрлі функциясы бар ақылды сағаттар, жасырын тыңдау құрылғылары мен адам орнын дәл анықтайтын белгілер – бүгінде күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды. Тіпті лазерлік құрылғылар мен шағын зымыран қозғалтқыштары, болашақтың көлігіне ұқсайтын темір тұлпарлар да бүгінгі технологияның бір бөлшегі.

Алайда әлі күнге дейін тек ғылыми-фантастика туындыларына тән, шын өмірде кездеспейтін ерекше құрылғылар да бар. Су астында еркін жүзіп, зымыран ата алатын амфибия-көлік, ауа жастығымен қозғалатын гондола, түнгі уақытта көру қабілетін жеңілдететін инфрақызыл көзілдіріктер, көзге көрінбейтін көлік әлі де талайды таңғалдырмай қоймайды.

Анығы – Джеймс Бонд туралы фильмдердегі көптеген құрылғылар мәдениетке ықпал етіп қана қоймай, нақты өмірдегі технологиялардың дамуына да шабыт берген. Бүгінгі гаджеттерге қарасақ, оны байқау қиын емес.

Алайда соңғы жылдардағы Бонд фильмдерінде баяғыдай таңдай қақтыратын құрылғылар азайып кетті. Бұрынғыдай жаңаша ойлап табылған құрал емес, көбіне бұрыннан бар дүниенің жетілдірілген нұсқасын көреміз. Қиял мен техникалық жаңашылдықтың шекарасы тарылып қалғандай. Көрерменді таңғалдыру қиындап, режиссерлер де бүгінгі заманның шынайылығына бейімделе бастаған секілді.

Енді, күнделікті қолымыздан түспейтін мобильді құрылғылар туралы сөз қозғасақ.

Бүгінде смартфондар арман болған талай істі оп-оңай атқарады. Яғни, пошта тексеріп, хат жаза алады, видео түсіреді, тіпті тамаққа да тапсырыс береді. Бірақ олар құлыпты бұзып, саусақ ізін танып, BMW көлігін қашықтан жүргізе ала ма?

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

1997 жылы шыққан «Ертең ешқашан аяқталмайды» (Завтра никогда не умрет). фильмінде агент Бондтың қолында сұрғылт, көзге түсе қоймайтын ұялы телефон бар. Алайда бұл құрылғы шын мәнінде – көп функциялы тыңшылық құрал. Ол арқылы көлік басқарылып, тіпті саусақ ізі де сканерленеді. Бұл кезде мұндай мүмкіндіктер жай ғана қиял болатын.

Алайда араға көп уақыт салмай, Ericsson R380 атты алғашқы смартфон сатылымға шықты. Яғни, агент Бонд болашақты болжаған десе де болады.

Қазіргі смартфондардың мүмкіндігі таңғаларлық деңгейге жетті. Арнайы қосымшалар арқылы көлігіңіздің есігін қашықтан ашып, тіпті қозғалтқышын іске қосуға болады. Кеше ғана қиял сияқты көрінген дүниелер – бүгінде күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналды.Оның үстіне жасанды интеллектіге негізделген кейбір функциялар Джеймс Бондтың өзі ойламаған мүмкіндіктерді ұсына алады.

Сәтті сәт – мәңгі есте

Айтпақшы, 2006 жылы eBay аукционы мен Stuff журналы ұйымдастырған сауалнама нәтижесінде Leica M3 фотоаппараты барлық уақыттың ең үздік құрылғысы деп танылды. Бұл — дәуірлер ауысып, технология өзгерсе де, құнын жоғалтпаған шынайы классика. Әрбір түсірілген сурет — тек кадр емес, тарихтың өзі.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Танымал агент Джеймс Бондтың кез келген әрекеті — жай ғана миссия емес, мінсіз стиль мен технологияның тоғысы. Ол жаңа құрылғылардың мүмкіндігін өзгелерден бұрын байқап, оларды шебер қолдана білген. Мәселен, әйгілі «Лейка» фотокамерасын алғаш рет 1959 жылы алтын контрабандасымен айналысқан Аурик Голдфингерді аңду кезінде пайдаланған. Бұл — Бонд үшін жай ғана құрал емес, нағыз сенімді серік болған.

Micro Vault 007 Limited Edition — қарапайым пішінде ерекше мән

Сырттай қарағанда — әдеттегі флешка. Алайда, 8 немесе 16 гигабайттық жадымен ғана емес, бұл құрылғының басты ерекшелігі — Джеймс Бондтың «Квант тыныштығы» фильміндегі арнайы аксессуар болғандығында. Ерекше стилі мен ұзақ қызмет етуі оны тек жанкүйерлерге емес, сапа мен дизайнды бағалайтындарға арналған гаджетке айналдырады.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Sony Cyber-Shot DSC-T50b — экран сыртындағы әсер

«Казино Рояль» фильмінде Веспер Линдтің рөлін сомдаған Ева Грин қаскөйдің қайығында жүрген сәтінде қолына Sony компаниясының Cyber-Shot DSC-T50b камерасын ұстаған. Фильм экранға шыққан жылы осы камераның «007» логотипі бар арнайы топтамасы жарық көріп, санаулы данамен сатылымға ұсынылған. Күңгірт металл қаптамасы мен ықшам әрі заманауи дизайны бұл құрылғыны тек фотокамера емес, стиль белгісіне айналдырды. Мұндай құрылғыны таңдаған жан — техникаға да, талғамға да бейжай қарамайтыны анық.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Бонд әлемінің әр жанкүйері өзінше бір бейнеге жақын. Бірі үшін басты рөлдегі актер маңызды болса, енді бірі – тартымды әрі қайсар кейіпкер қыздарды ұнатады. Ал кейбірі үшін Бонд қолданған тың құрылғылар қызық. Дегенмен, барлығының ортақ пікірге келері анық: Бондтың көліктері – тек тасымал құралы емес. Олар — жылдамдықтың, дәлдіктің және стильдің белгісі.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Вашингтонда өтіп жатқан «Бонд қозғалыста» көрмесінде аты аңызға айналған 007 агент мінген 17 ерекше көлік жұрт назарына ұсынылды. Көрмедегі экспонаттар Ян Флеминг қорының қолдауымен жеткізілген.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

1964 жылы жарық көрген «Голдфингер» фильміндегі күміс түсті Aston Martin, «Ажалға қарсы» (2002) картинасындағы жасыл Jaguar, сондай-ақ «Алтын тапаншасы бар адамда» көрінген AMC Hornet те осы мұражайдан орын тапқан.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Тек жеңіл көліктермен шектеліп қалмай, көрмеге агент Бондтың түрлі жағдайларда пайдаланған өзгеше көлік түрлері де қойылған: шағын сүңгуір қайық пен қарлы аймаққа арналған шаналы техника сынды құралдар көрермен назарын бірден аударады. Соңғы алпыс жылда экраннан көріп тамсанған бұл техникалар енді музей төрінен орын алған.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Көрмеде ұсынылған жәдігердің саны соншалық, олардың әрқайсысын бір мақалада сипаттап шығу мүмкін емес. Біздің мақсат – «тыңшы әлемінің» бүге-шігесіне дейін тізіп шығу емес, сол жұмбақ әрі тартымды кеңістікке деген қызығушылықты ояту ғана.

Вашингтондағы ерекше көрме туралы білесіз бе?

Айта кеткен жөн, көрмені 2025 жылдың қыркүйегіне дейін тамашалауға болады. Егер жолыңыз АҚШ-қа, нақтырақ айтқанда, Вашингтонға түссе – агент 007 пайдаланған заттарды көзбен көріп, естелікке суретке түсуге таптырмас мүмкіндік болмақ.

Автор: Катерина Власова