Еліміздің 9 өңірінде мектептегі буллингтің алдын алуға бағытталған отандық «DосболLIKE» бағдарламасы сынақтан сәтті өтті. Бұл жоба мектептегі жәбір көрсету мен қысым көрсету жағдайларын азайтып, оқушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруды мақсат етеді. Бағдарлама аясында 50 мектептен 70 мыңға жуық оқушы мен 5,5 мыңнан астам мұғалім қамтылды.
Жоба бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен мектептегі жағдайға талдау жасалды. Одан кейін жәбірлеудің алдын алуға арналған жүйе әзірленіп, педагогтерге арнайы оқыту жүргізілді. Сонымен қатар ата-аналар да бұл іске белсенді түрде тартылды. Әр мектеп өз жағдайына сай ахуалды жан-жақты зерттеп, барлық тараптың қатысуымен тиімді әрекет ету үлгісін жасақтады.
Сауалнама нәтижесі бойынша мектеп ортасында оң өзгерістер байқалған. Атап айтқанда, 2025 жылы буллингке қатысушылар саны (тікелей де, жанама да) 2024 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға азайған. Өздерін жәбірленуші ретінде сезінетін балалардың үлесі 5,4%-ға төмендеген. Сондай-ақ, сенім артуға болатын ересек тәлімгері бар балалардың саны үш есе артқан.
« Апробация нәтижесінде оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналардың жүйелі түрде жұмыла әрекет етуі аса маңызды екені анықталды. Жоба барысында тек келіспеушіліктердің азайғаны емес, мектеп қауымдастығындағы өзара сенімнің артқаны да байқалған. Қауіпсіз әрі қолдау көрсететін орта қалыптастыру үшін дәл осы сенім – басты шарт, – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, «DосболLIKE» бағдарламасы биылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде іске қосылады. Қазір жобаны кең көлемде енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.