Қытайдың Ұлттық қорғаныс технологиялары университетінің студенті Лян Хэсян мемлекеттік CCTV 7 телеарнасында масаның көлеміндей микродронды көпшілікке таныстырды. Тікелей эфирде ол дронның ұшу мүмкіндігін паш етті.
Бұл шағын құрылғының құрылысы жәндіктің анатомиясы мен қозғалысын дәл қайталайтындықтан, ол көзге түспей ұшып-қонуға және әртүрлі жерге қона алады.Басты артықшылығы — жасырын әрекет ете алуы. Мұндай қасиет оны арнайы операциялар кезінде ақпарат жинауға таптырмас құралға айналдырады.
Масаның көлеміндей корпусқа сенсорлар, қуат көзі, байланыс модульдері мен басқару сызбаларын орналастыру — қазіргі технология жетістігінің нақты көрінісі. Дрон жәндіктер секілді қанат қағып, еркін қозғала алады. Ал жерге орнықты қонуы үшін оған үш өте жұқа аяқ орнатылған.
Микродронды смартфон арқылы басқаруға болады. Ол ұшу кезінде жинаған деректерді бір сәтте-ақ жеткізіп, бақылауды жеңілдетеді.
Қытайлық мамандар таныстырған бұл дрон – болашақтың қаруы. Мұндай көлемдегі ұшқышсыз аппараттар жақын арада әскери салада да, азаматтық мақсатта да кеңінен қолданылуы мүмкін.