Home Технологиялар Ғаламтор және желі Әлеуметтік қолдау цифрлық жүйеге көшеді

Әлеуметтік қолдау цифрлық жүйеге көшеді

17

Қазақстанда әлеуметтік көмекті үлестіру тетігі жаңарып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пилоттық жоба аясында әлеуметтік көмекті Бірыңғай цифрлық платформа арқылы тағайындау жүйесін сынақтан өткізуде. Жоба Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатыр. Ол әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын қамтиды.

Министрліктің мәліметінше, аталған өңірлердегі 36 мекемеде, атап айтқанда отбасыны қолдау орталықтары, арнайы мектептер мен балалар үйлерінде құжат айналымы, есеп жүргізу және бақылау толық автоматтандырылған. Барлық ақпарат Еңбек министрлігінің бірыңғай ақпараттық жүйесінде шоғырланады.

Платформаның тиімді жұмыс істеуі үшін арнайы мобильді қосымша әзірленген. Оның көмегімен:

қиын жағдайға тап болған отбасылар есепке алынады;

2,6 мың мобильді топ маманының жұмысы үйлестіріледі;

түрлі мемлекеттік органдар арасында дерек алмасу жеңілдейді.

Министрліктің дерегінше, платформа арқылы 2,1 мың өтініш түскен. Соның ішінде 400-ге жуығы қаралу үстінде, қалғандарына көмек көрсетілген. Интеграциялық жүйе әлеуметтік қызметтердің тиімділігін кешенді бағалауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба аясында 11 мемлекеттік қызметті цифрлық форматқа көшіру көзделіп отыр.

Жобаны іске асыруға алты министрлік қатысуда: еңбек және әлеуметтік қорғау, ғылым және жоғары білім, ағарту, туризм және спорт, индустрия және құрылыс, сондай-ақ цифрлық даму министрліктері.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – отбасыларды әлеуметтік жағдайына қарай алты санатқа бөліп, көмек тек шынымен мұқтаж жандарға бағытталатын арнайы автоматтандырылған бағалау жүйесі енгізілді.

Бұл тәсіл:

көмекті ең мұқтаж отбасыларға бағыттауға;

табысы жоғары азаматтарды әлеуметтік көмектен шығарып тастауға;

әлеуметтік шығындардың тиімділігін арттыруға жол ашады.

Министрлік өкілдері жаңа жүйе әлеуметтік көмектің ретсіздігін жойып, қажетсіз төлемдерді қысқартып, қызмет көрсетуді ашық әрі әділ етуге бағытталғанын айтты.