Home Ақша Елімізде алғашқы криптопровайдерлер 2026 жылы пайда болуы мүмкін

Елімізде алғашқы криптопровайдерлер 2026 жылы пайда болуы мүмкін

8

Қазақстанда лицензияланған алғашқы криптопровайдерлер 2026 жылдың екінші жартысында жұмысын бастауы мүмкін. Бұл жөнінде LS сайтына Ұлттық банк хабарлады.

Ведомство мәліметінше, криптопровайдерлердің қызметін заңдастыру үшін алдымен қажетті заңнамалық өзгерістер Парламентке ұсынылады. Заң қабылданғаннан кейін оларды іске асыру тетіктері, яғни лицензия беру тәртібі, үміткерлерге қойылатын талаптар мен бақылау регламенті бекітіледі.

«Егер барлық алғышарттар сәтті жүзеге асса, алғашқы провайдерлерді лицензиялау және іске қосу келесі жылдың екінші жартысында мүмкін болады. Бұл мәртебеге Қазақстанда тіркелген және қойылған талаптарға сай заңды тұлғалар үміткер бола алады», – делінген Ұлттық банктің жауабында.

Криптопровайдерлердің жұмысына тәуекелге бағытталған бақылау әдістері қолданылады. Яғни лицензиялау кезінде ғана емес, тұтынушылардың шағымдары, ішкі аудит пен тексерулер арқылы да олардың қызметі қадағаланады. Бұл ретте қаржы мониторингі мен терроризмді қаржыландыруға қарсы талаптардың орындалуы ерекше назарда болады.

Ұлттық банк лицензиялық қадағалау, нарық субъектілерінің қызметіне мониторинг жүргізу, клиенттердің шағымдарына ден қою, аудит пен тексеріс жұмыстарын қамтитын бақылау тетігін қолдануды жоспарлап отыр. Бұл ретте қаржы жымқыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы талаптардың орындалуына ерекше назар аударылады.

Ал криптовалюталардың нақты тізімі заң күшіне енгеннен кейін ғана белгілі болады. Ұлттық банк бұл тізімді анықтау кезінде ашықтық, өтімділік, тұрақтылық және заңсыз қызметпен байланысы болмауы секілді қағидаларды, сондай-ақ FATF сияқты халықаралық стандарттарды ескеретінін мәлімдеді.

Рұқсат етілетін криптовалюталар қатарына халықаралық нарықта мойындалған әрі жоғары өтімді активтер енеді. Таңдау кезінде олардың нарықтық капитализациясы, баға тұрақсыздығы, анонимдік дәрежесі, құқықтық мәртебесі және заң талаптарына сәйкестігі сияқты факторлар ескеріледі. Анонимді немесе комплаенс-талдаудан өтпеген криптовалюталар қолжетімсіз болады.

«Қорытынды тізім арнайы құқықтық акт аясында бекітіледі және нарық пен технологиялар дамуына қарай үнемі жаңартылып отырады», – деп нақтылады Ұлттық банк.

Бұған дейін Ұлттық банк цифрлық активтерге қатысты ережелер әзірлеп жатқанын хабарлаған. Бұл туралы төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашыкбеков мәлімдеген болатын.

Айзада Нұртасқызы