Ұлттық крипторезервті шетелдік платформада сақтау елдің цифрлық егемендігіне қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай пікірді CustodianOne компаниясының негізін қалаушы Ғалия Сейдалиева білдірді. Бұл туралы LS ақпарат агенттігі хабарлады. Сарапшының айтуынша, Қазақстанның шетелдік технологияларға тәуелді болып қалу қаупі бар.
«Халықаралық ірі компаниялар еліміздің нарығына кіріп, жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғаннан кейін олардың технологиялары мен инфрақұрылымына белгілі бір деңгейде тәуелділік қалыптасты. Егер азаматтар ByBit, Binance немесе Fireblocks секілді криптобиржаларда шот ашса, олардың цифрлық активтері сол шетелдік платформалардың жүйесінде сақталады. Ертең қандай да бір қаржылық дағдарыс немесе санкциялық шектеулер енгізілсе, адамдар өз активтеріне қол жеткізе алмай қалуы ықтимал. Мұндай қауіптің бар екенін ескеру қажет», – деді сарапшы.
Оның пікірінше, уәкілетті мемлекеттік органдар республиканың цифрлық егемендігін сақтауға ерекше назар аударуы тиіс. Азаматтардың және мемлекеттің цифрлық активтері ел аумағында сақталып, оларды басқару шетелдік құрылымдардың бақылауына берілмеуі қажет.
Ғалия Сейдалиеваның мәліметінше, қазіргі уақытта Орталық депозитарий америкалық BitGo криптоактивтерді сақтау қызметін көрсететін компаниясымен келісім жасаған.
«BitGo – әлемдегі алғашқы әрі беделді криптоактивтерді сақтау қызметін ұсынатын компаниялардың бірі. Соған қарамастан, бұл – шетелдік платформа. Қазіргі кезде көлемі 350 миллион АҚШ долларына бағаланатын ұлттық крипторезерв АҚШ-тағы осы компанияның сақтауында тұр. Бұл – назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе. Стратегиялық маңызы бар активтердің шетелде сақталуы мемлекет үшін әрдайым тәуекел саналады. Тіпті серверлері Қазақстан аумағында орналасқан күннің өзінде, құпия кілттер мен шоттарға қол жеткізу мүмкіндігі олардың бақылауында қалады», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда криптоактивтерді сақтау мен басқаруды қамтамасыз ете алатын отандық платформа бар.
«Біз халықаралық ірі компаниялардың нарыққа келуіне қарсымыз деп отырған жоқпыз. Керісінше, олардың инфрақұрылымы мен технологиялық шешімдерін тиімді пайдалану қажет. Алайда цифрлық активтерді сақтау ісі ел ішінде, отандық технологиялық ресурстардың негізінде жүзеге асырылғаны дұрыс. Егер өзіміздің ұлттық технологиялық шешіміміз бар болса, шетелдік өнімді сатып алудың орнына отандық әзірлеушілерді қолдаған жөн. Біздің технологиялар да халықаралық деңгейдегі шешімдерден кем түспейді», – деп түйіндеді Ғалия Сейдалиева.
Бұған дейін Ұлттық банк Ұлттық қор мен алтын-валюта резервінен крипторезерв қалыптастыру мақсатында 700 миллион АҚШ долларына дейін инвестиция салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












