Home Технологиялар Ғарыш Starbase: Илон Маск Техаста жаңа қала құруға кірісті

Starbase: Илон Маск Техаста жаңа қала құруға кірісті

8

Техас штатының Бока-Чика елді мекенінде тұратын тұрғындар өз ауылдарын жаңа мәртебеге көтеру жөнінде шешім қабылдады. Енді бұл аумақ Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясының айналасында қалыптасатын Starbase атты жаңа қалаға айналмақ. Бұл туралы NBC арнасы хабарлады.

Сенбі күні өткен дауыс беруде көпшілік аталмыш бастаманы қолдады. Мұнда тіркеуде тұрған 283 тұрғынның басым бөлігі — SpaceX қызметкерлері немесе компаниямен тығыз байланысты адамдар. Қарсылық білдіргендер саны — алтау ғана.

Кэмерон округінің сайлау процесін қадағалаушы Реми Гарзаның мәліметінше, алдағы екі апта ішінде округтік комиссия дауыс беру нәтижелерін қарап, ресми шешім қабылдайды. Содан соң Starbase атауын иеленетін жаңа қала ресми түрде тіркелмек.

Қазіргі уақытта бұл аймақ шамамен бір шаршы миль жерді алып жатыр. Мексикамен шектесетін бұл өңір Техастың ең оңтүстігінде, теңіз жағалауында орналасқан. Мұнда SpaceX-тің негізгі орталығы орналасқан: зымыран қозғалтқыштары жасалып, Starship атты ғарыш кемесі сынақтан өткізіледі.

Starbase — Илон Масктың ғарыш саласындағы жоспарлары аясында пайда болған тағы бір ауқымды бастама. Бұл жоба алдағы уақытта АҚШ-тағы ең технологиялық әрі ерекше қалалардың біріне айналуы мүмкін.