Қазір Қазақстанда байланыс пен интернет қызметінің сапасы – жұрт күнде талқылайтын басты мәселелердің бірі. Тұрғындар тарифтердің бағасына, интернеттің жұмысыга, уәде етілген жылдамдықтың шындыққа сай келмейтініне жиі наразы. Әсіресе, желіге ең көп адам қосылатын кешкі уақыттарда интернеттің мүлде баяулап кетуі үйреншікті жағдайға айналған.
Жоғары жылдамдықты деп жарнамаланатын тарифке қосылған күннің өзінде, қолданушы күткен сапаға қол жеткізе алмайды. Бұдан бөлек, провайдер таңдауының шектеулі болуы және балама операторлардың болмауы да көпшілікті қынжылтады. Ұсынылатын тариф шарттарының түсініксіздігі мен тұтынушыларға көрсетілетін қолдаудың әлсіздігі – байланыс саласындағы тағы бір өзекті мәселе.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, былтырғы жылдың алғашқы тоғыз айында елімізде 43 мыңға жуық ресми шағым тіркелген. Соның ішінде шамамен 2000-ы – яғни 4 пайызы – байланыс қызметіне қатысты болған. 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9 пайызға өскен. 2024 жылы интернет провайдерлердің қызметіне көңілі толғандар саны бар болғаны 30 пайызды құрады.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы елімізде тұрақты интернет абоненттерінің саны 3 миллионнан асқан. Орта есеппен әр отбасыда интернетті 2-4 адам пайдаланатынын ескерсек, Қазақстанда “үйдегі” интернетке тәуелді тұтынушылар саны 12 миллионға жуықтайды.
Ranking.kz порталының хабарлауынша, Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлем елдерінің рейтингінде әлі де соңғы орындарда. Мәселен, Ookla компаниясының зерттеуі бойынша, 2024 жылдың желтоқсан айында еліміздегі орташа интернет жылдамдығы 73 Мбит/с-ты құрап, Қазақстан 154 елдің ішінде 88-орыннан көрінген. Бұл тізімде біз 121 елдің ішінен де 88-ші орында тұрмыз. Ал интернет тарифінің орташа бағасы – айына 9 доллар.
Сымды және сымсыз телекоммуникациялық желілер арқылы көрсетілген интернет қызметінің жалпы көлемі 2024 жылы 7,2 триллион теңгеден асып түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,2 пайызға артық. Көрсеткіштің күрт өсуі – елдегі интернетке деген сұраныстың артқанын ғана емес, сонымен қатар нарықта бәсеке мен сапа мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады.

Интернет сапасы: мәселе неде, шешім қайда?
Интернет бүгінде қазақстандықтардың күнделікті қажеттілігіне айналды. Саладағы қызмет көлемі жыл сайын шамамен 16 пайызға ұлғайып, тұтынушылар қатары үздіксіз көбейіп келеді. Алайда бұл қарқынға қарамастан, интернет сапасына қатысты шағым көбеюде. Сарапшылардың пікірінше, желі қызметінің тұрақсыздығы мен баяу жұмыс істеуінің бірнеше негізгі себебі бар.
Ақпараттық қауіпсіздік саласының тәуелсіз сарапшысы Медет Ысқақовтың айтуынша, мәселе ең алдымен инфрақұрылымнан басталады. «Интернет жылдамдығының төмендеуіне желінің шамадан тыс жүктемесі, ескі құрал-жабдықтар мен өткізу мүмкіндігінің шектеулігі әсер етеді. Әсіресе, кешкі мезгілдерде – интернетті тұтынатындардың саны күрт артқанда – желіге артық салмақ түседі. Бұған қоса, халықаралық байланыс арналары мен сыртқы факторлар да рөл атқарады. Мысалы, кибершабуылдар немесе байланыс желілеріндегі апаттар сапаны нашарлатуы мүмкін», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, интернеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында мемлекет те өз үлесін қосып отыр. Қазір елімізде байланыс инфрақұрылымын дамытуға арналған бағдарламалар жүзеге асуда: жаңа магистралды желілер салынып, шалғай елді мекендерде интернет желісі кеңейіп келеді. Сонымен қатар, ірі интернет-провайдерлердің жұмысы мемлекеттік деңгейде реттеледі.
Сарапшы жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге мұндай жағдайларда балама шешімдерді алдын ала қарастырып қойған жөн екенін ескертеді. Мысалы, мобильді интернетті қосымша пайдалану, бірнеше провайдерді қатар қосу немесе үздіксіз электрмен жабдықтау жүйесін орнатып, техникалық ақауларға қарсы қорғаныс жүйесін енгізу – осындай амалдардың бірі.
Медет Ысқақов интернет сапасы бірден жақсарып кетпейтінін, бұл – ұзақ уақытқа созылатын кезең екенін де атап өтті.
Интернет сапасын жақсарту мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2023-2027 жылдарға арналған ұлттық жоба – «Қолжетімді интернет» бағдарламасын әзірледі. Жобаның басты мақсаты – қала мен ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен толық қамтамасыз ету. 2027 жылға дейін еліміздің барлық аумағында интернет жылдамдығы кем дегенде 100 Мбит/сек болмақ. Бұл үшін бірқатар нақты көрсеткіштер белгіленген.
Атап айтқанда, 2027 жылға қарай ауылдарға дейінгі талшықты-оптикалық байланыс желісі 90 пайызға жеткізіледі. Халықтың 95 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Ескірген ADSL технологиясы түгелдей заманауи жүйелерге ауыстырылып, интернет инфрақұрылымының сапасы толық жаңартылады. Сонымен қатар, сымсыз байланыс желісі де қарқынды дамиды. 2027 жылға қарай кең жолақты интернетке қосылған үй шаруашылықтарының үлесі 100 пайызға жетуі тиіс. Республика маңызы бар қалаларда 5G желісімен қамту деңгейі 75 пайызға, ал облыс орталықтарында 60 пайызға дейін көтеріледі деп жоспарланып отыр.
Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 1,5 триллион теңгеден астам қаражат қажет болады. Оның ішінде 1,3 триллион теңгеден астамы бюджеттен тыс көздерден, яғни жекеменшік инвестициялар арқылы тартылмақ.
Үкімет «Қолжетімді интернет» жобасы аясында сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударатынын мәлімдеді. Ең басты бағыт – ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңінен енгізу. Бұл мақсатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылға жаңа желілер тартылады.
Ұлттық жоба аясында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды да мобильді интернетпен қамту көзделген. Бұл үшін 487 антенна-діңгек құрылғысы орнатылады. Нәтижесінде 17 мың шақырым жол бойы мобильді интернетпен жабдықталады. Байланыс операторлары 5G технологиясын республикалық деңгейдегі және облыс орталықтарындағы қалаларға енгізу үшін шамамен 300 миллиард теңге инвестиция құймақ. Бұл мақсатта мыңдаған базалық станса орнатылады. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 өңірде 2 мыңға жуық станса іске қосылған.
Сонымен қатар, елімізге алдыңғы қатарлы халықаралық IT-компанияларды тарту, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін тиісті заңнамалық өзгерістер де қолға алынбақ. Жоба аясында 5 мыңға жуық мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым интернетке қосылады. Бұдан бөлек, 3 мыңнан астам ауылдық елді мекенде 621 қоғамдық интернет нүктесі пайда болады.

Қазақстандағы байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельянов еліміздегі сымды интернет сапасына оң баға береді. Оның айтуынша, көпшілік мобильді интернет пен үйдегі интернеттің айырмашылығын ажырата бермейді. Ал шын мәнінде бұл – мүлде бөлек технологиялар.
«Мобильді интернетке қатысты расында да түрлі қиындықтар бар. Бірақ сымды интернет, яғни үйдегі байланыс, негізінен тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттағы дамуға кедергі келтіріп отырған екі ғана фактор бар: абоненттердің ескі роутерлерді қолдануы және кейбір үйлерге дейін талшықты-оптикалық желінің тартылмауы», – дейді сарапшы.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек ұялы байланыс тарифтерінің өсуіне мемлекет неге араласа алмайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, 2017 жылы қабылданған Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, министрліктің операторлар тарифіне тікелей ықпал ететін тетігі жоқ.
«Кәсіпкерлік кодекс – әкімшілік құқықтық актілер туралы заң бойынша, салалық байланыс заңынан жоғары. Біз байланыс нарығының реттеушісі ретінде операторлардың баға саясатына көңіліміз толмайтынын жасырмаймыз. Осыған орай Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Агенттік өз тарапынан тергеп-тексерулер жүргізіп, нарықта келісілген баға белгілеп отырғандар бар-жоғын анықтауға тырысады. Біз бұл жұмысқа қолдау көрсетіп, қажет мәліметтің бәрін ұсынып отырмыз. Дегенмен, операторларға тікелей әсер ету құқығымыз жоқ», – дейді вице-министр.
Соған қарамастан, ведомство байланыс операторларымен үнемі келіссөздер жүргізіп отырады. Оразбек жылдың соңында тараптар халықтың көңілін аулау үшін тарифтерді уақытша қымбаттатпауға уағдаласқанын айтты. Операторлар бұл уәдені орындағанымен, мерекеден кейін баға өсіміне қайта кіріскен.
Қаңтардағы байланыс дағдарысы: қорытынды жасайтын кез келді
2025 жылдың қаңтарында ел аумағында интернет жұмысы күрт нашарлады. Электронды үкімет порталы ашылмай қалды, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер де дұрыс жұмыс істемеді. Министрлік ХҚКО мен мемлекеттік қызмет көрсететін банк қосымшаларының жұмысы уақытша баяулауы мүмкін екенін хабарлап, бұл мәселенің бір ғана Қазақстанда емес, өзге елдерде де, соның ішінде Ресейде де орын алғанын алға тартты.
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Қалилалло Байтасов бұл жағдайдан нақты қорытынды шығару қажет екенін айтады.
«Кеңжолақты интернет нарығын монополиядан арылтып, жасанды шектеулерді жою керек. Каспий арқылы талшықты байланыс өткізу, Қытай бағытына қосымша арналары ашу, Starlink, OneWeb секілді спутниктік арналарға қойылған кедергілерді алып тастау қажет. Қазақстан нарығына жаңа телеком-операторларды тарту, IT-инфрақұрылымға инвестиция салатындарға жеңілдіктер қарастыру маңызды. Жабық экономика жағдайында біз Еуразия кеңістігіндегі цифрлық хаб боламыз деу – бос әңгіме», – дейді сарапшы.
Қаңтардағы оқиғадан кейін Асхат Оразбек Сенатта өткен брифинг барысында Қазақстан халықаралық байланыс жүйесіне Ресей, Қытай және басқа да елдер арқылы қосылғанын растады. Сондай-ақ, Ресейде интернет толық бұғатталса, бұл Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы сауалға да жауап берді.
“Теориялық тұрғыда Ресей желіні толық бұғаттаса да, Қазақстанның ғаламторға шығатын өзге де арналары бар. Биыл “Қазтелеком” AzerTelecom компаниясымен бірлесіп, Каспий теңізінің түбімен өтетін жаңа транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды бастайды. Жобаны осы жылдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр, ал толық іске қосу 2026 жылға белгіленген”, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, интернеттегі үзілістерге магистралды арналар емес, көбіне жергілікті провайдерлер себеп болады. Яғни мәселе әр тұрғын үй мен кеңсеге қызмет көрсететін оператор деңгейінде жатыр.
Үйдегі интернеттің баяулауын жаңа желілердің құрылысымен тікелей байланыстыру дұрыс емес, – деді ол.

«Қазақтелеком» мен «Beeline» байланыс сапасы туралы: өткір мәселелерге қатысты пікірлер
Соңғы кездері Қазақстандағы интернет сапасы жиі талқылануда, және бұл мәселеге қатысты «Қазақтелеком» мен «Beeline» байланыс операторлары өз пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, интернет жылдамдығы мен сапасы тек тарифтерге ғана байланысты емес, сонымен қатар инфрақұрылым мен техникалық мүмкіндіктерге де тікелей қатысты.
Қазақтелекомның пікірінше, интернет тарифтері тұтынушылар үшін қолжетімді болу үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізілуде.
Компанияның мәлімдемесіне сәйкес, тарифтердің құны олардың өзіндік құнына негізделеді. 2025 жылы «Қазақтелеком» тарифтері өсімсіз қалды, ал қазіргі уақытта компанияның басты назар аударып отырған мәселесі – оптикалық талшықты байланыс желісін дамыту. Бұл технология интернеттің жылдамдығын арттырып қана қоймай, абоненттерге тиімді тарифтік шешімдер мен жаңа қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді.
Компания үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.
Біріншіден, әлеуметтік тариф енгізілген, оның бағасы өзгермейді және 3499 теңгені құрайды. Бұл тарифте 100 Мбит/с дейінгі интернет жылдамдығы, республикалық қалааралық телефон қоңыраулары мен Tele2/Altel желілеріне қоңырауларға шектеусіз қолжетімділік қамтылған.
Екіншіден, «баға тұрақтылығы кепілдігі» концепциясы енгізілді. Осы механизм аясында ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде ұсынылған тарифтер (мысалы, Bereket, Keremet TV, Keremet Mobile) бағасының өзгеріссіз қалуына кепілдік беріледі. Қазіргі уақытта мұндай тарифтерге 1 миллионнан астам абонент қосылған.
Үшіншіден, абоненттерге қызметтер пакеттері түрінде ұсынылуда. Бұл тәсіл тарифтерді жеке-жеке төлеуден арзан әрі тиімді етеді.
Интернет жылдамдығы компанияның мәліметіне сәйкес, абоненттің пайдаланатын желісіне байланысты.** Егер абоненттің үйінде әлі де ескі мыс желісі болса, интернет жылдамдығы 8 Мбит/с дейін ғана болады. Ал оптикалық талшықты байланысқа қосылған абоненттер жылдамдығын 100 Мбит/с пен 500 Мбит/с арасында ұстай алады. Егер жылдамдықтағы мәселелер туындаса, абоненттер 160 нөмірі бойынша техникалық қолдау қызметіне хабарласып, қажетті тексерулерден өтуі мүмкін.
Компания «медный желілердің» қазіргі жағдайын интернет сапасының басты кедергісі деп атап отыр. Медный желілер арқылы байланыс жылдамдығы бүгінгі талаптарға сәйкес келмейді, әсіресе мультимедиялық контенттің көлемі артып жатқан кезеңде. Сол себепті соңғы үш жылда «Қазақтелеком» «Тазарту» жобасын жүзеге асырып, медный желілерден оптикалық талшықты байланысқа көшу жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылы 70 мыңнан астам абонентті оптикалық желіге қосу нәтижесінде интернет сапасы айтарлықтай жақсарды.
«Beeline» компаниясы интернет жылдамдығының төмендеуіне әсер ететін бірқатар факторларды атап өтті.
Олардың пікірінше, интернеттің баяу жұмысына роутерлер, кабельдер, серверлер, басқа пайдаланушылардың құрылғылары, қуат көзі және тіпті оптикалық талшықты кабельдерді ұрлаушылар да әсер етуі мүмкін. Сондықтан абоненттер бірінші кезекте балансын тексеріп, қосымша қосымшаның көмегімен автодиагностика жүргізуді ұсынып отыр. Егер бұл әдіс көмектеспесе, маман шақыру қызметін пайдалану да мүмкін.
Beeline компаниясы интернет сапасына қатысты қиындықтар тудыратын факторлардың бірі ретінде тұрғын үй кооперативтері мен құрылысшылардың бейқамдығын атайды.
Мысалы, КСК құрамы өзгергенде оператордың құрылғылары ажыратылып, мамандардың ғимаратқа кіруіне кедергі келтірілуі мүмкін. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда жөндеу жұмыстарынан кейін кабельдерді кесіп, операторлар мен абоненттерге ескерту жасалмайды. Жаңа тұрғын үй кешендері мен бизнес орталықтарының құрылысында телекоммуникация инфрақұрылымы жиі ескерілмейді, бұл қосылу процесін қиындатады.
Бұрын бір ғана компьютер пайдаланылған пәтерлерде қазір әр отбасы мүшесі әртүрлі құрылғылар арқылы интернетті пайдаланады. Сондықтан интернеттің жақсы жылдамдығын қамтамасыз ету үшін пәтердің көлемі, пайдаланушылар саны, трафик көлемі және құрылғыларды жаңарту қажеттілігі ескерілмейді.

Қазақстан Токио мен Израильдегі интернет жылдамдығы туралы жаңалықтар
Халықаралық Ookla агенттігі әлемдегі ең үздік интернет байланыс сапасын зерттеп, мобильді және фиксирленген кең жолақты интернеттің жылдамдығын анықтайтын Speedtest Global Index рейтингін үнемі жариялап отырады.
2024 жылдың соңындағы осы рейтингтің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан алғаш рет интернет жылдамдығы бойынша Жапония мен Израильді артқа тастап, олардың алдына шықты. Бұл жаңалықты алғаш рет Қазақстанның бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Багдат Мусин жариялаған кезде қоғамда әртүрлі пікірлер мен сын пікірлер орын алған болатын.
Алайда, 2025 жылдың қаңтарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, қазақстандықтардың елдегі интернет сапасына көңілі толмайтыны туралы сұраққа жауап бере отырып, тағы да Speedtest Global Index рейтингін мысалға келтіріп, Астанадағы интернет байланысының Токиоға қарағанда жақсырақ екенін атап өтті.
«Бұлар біздің жасаған рейтингіміз емес, бұл халықаралық рейтинг. Кейде, мүмкін, бізге мемлекеттік органдарымыздың жақсы жұмысы туралы оң пікірлерді айтпаған дұрыс сияқты. Біз тек теріс пікірлерді айтуымыз керек, бірақ рейтинг бар, ол жыл сайын жарияланады және біздің байланыс сапасындағы жетістіктерімізді растайды. Яғни, бұл объективті көрсеткіш», – деп атап өтті Асхат Оразбек. Ол сөзінің соңында рейтингті қалыптастыру барысында тестілерді тек жергілікті тұрғындар өткізетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, А.Оразбек министрлік Қазақстанның 350 аймағында интернетке қолжетімділік мәселелері бар екенін айтып, алдағы уақытта осы мәселелерді операторлармен бірге шешуді бастайтынын айтты.Қаладағы барлық проблемалық нүктелерді 2025 жылдың соңына дейін шешу жоспарланып отыр.