Home Техника Экология Smart Plastic Zone: Пластикпен күрестегі жаңа қадам

Smart Plastic Zone: Пластикпен күрестегі жаңа қадам

15

Қазақстанда пластик қалдықтарын басқарудың жаңа үлгісін ұсынатын және тұрақты даму қағидаларын насихаттайтын «Smart Plastic Zone» жобасы іске қосылды.

Бұл бастама – экология мен әлеуметтік жауапкершілікті қатар ұстанатын жаңа буынның саналы таңдауы. Жоба кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындарды пластикті ұқыпты әрі тиімді пайдалануға, сондай-ақ экологиялық өмір салтын қалыптастыруға үндейді.

Жобаның басты мақсаты – бизнес пен қоғамның бірлесіп, табиғатқа келетін зиянды азайтуы және әр тараптың экологиялық, әлеуметтік әрі корпоративтік жауапкершілікті терең түсініп, соған сай әрекет етуі. Қатысушылар тек өз кәсібін дамытып қана қоймай, келер ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыруға үлес қосады.

Қатысушылар екі түрлі санаттың біріне өтінім бере алады:

Smart Plastic Zone (Silver) – пластикпен дұрыс жұмыс істеуге алғашқы қадам жасағандар үшін;

Smart Plastic Zone (Gold) – экологиялық мәдениетті өз қызметінде жүйелі түрде енгізіп жүрген көшбасшылар үшін.

Қатысу үшін GPI.KZ сайты арқылы өтінім беріп, қажетті құжаттарды тіркеу қажет. Кейін арнайы комиссия үміткерлердің жұмысымен танысып, жергілікті жерде тексеру жүргізеді. Талапқа сай келген кәсіпорындар мен ұйымдарға «Smart Plastic Zone» белгісі табысталады. Бұл белгі – олардың қоғам алдындағы экологиялық жауапкершілігін көрсететін айқын белгі болмақ. Жобаға қатысу – тек табиғатты қорғау ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың сеніміне ие болудың бір жолы. Экологияға бейжай қарамайтын тұтынушылар үшін мұндай белгі – сенімді серіктесті таңдаудың маңызды көрсеткіші. Ал қарапайым тұрғындар үшін бұл бастама – жеке экологиялық ізін азайтып, таза болашаққа қадам жасау мүмкіндігі.

2025 жылы жобаның пилоттық кезеңі Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жүзеге асады. Егер алғашқы кезең сәтті өтсе, жоба еліміздің барлық өңірінде іске қосылады. Бұл Қазақстанда пластик қалдықтарын азайтуға бағытталған жаңа экожүйенің негізін қалайды.