Музыка тарихына көз жүгіртсек, бұл саладағы ірі өзгерістердің дені жаңа технологиялардың келуімен байланысты болғанын көреміз. Синтезатор алғаш пайда болғанда, оған сақтықпен қарағандар аз емес еді. Барабан машиналарын музыка табиғатына жат жаңалық деп қабылдап, тіпті «шайтанның ісі» дегендер де болды. Кейін цифрлық дыбыс жазу технологиясы, Auto-Tune және стриминг қызметтері музыка жасау мен тыңдау тәсілін түбегейлі өзгертті.
Бүгінде музыка индустриясы тағы бір үлкен бетбұрыстың алдында тұр. Бұл жолы өзгерістің негізгі қозғаушы күші – жасанды интеллект.
Epoch Times басылымында жарияланған жуырдағы материалда жасанды интеллект көмегімен музыка жасау қалыпты құбылысқа айналып келе жатқаны сөз болады. Deezer мәліметіне сүйенсек, платформаға күн сайын жүктелетін жаңа әндердің 44 пайызы жасанды интеллект арқылы жасалады. Бұл тәулігіне шамамен 75 мың музыкалық шығармаға тең. 2025 жылы жүргізілген зерттеуде тыңдармандардың 97 пайызы жасанды интеллект жасаған ән мен адам жазған шығарманы бір-бірінен нақты ажырата алмаған. Ең қызығы, олардың көпшілігі мұндай айырмашылықты сезе алмау өздеріне жайсыздық тудыратынын айтқан.
Бұл жағдай музыка индустриясына қатысты бірнеше маңызды мәселені алға шығарады.
- Біріншіден, жасанды интеллект арқылы өндірілетін музыканың көлемі артқан сайын тәуелсіз музыканттардың өз шығармашылығын көпшілікке танытуы қиындай түсуі мүмкін. Күн сайын мыңдаған жаңа шығарма пайда болатын ортада адамның өз туындысын тыңдарманға жеткізуі бұрынғыдан да күрделі міндетке айналады.
- Екіншіден, жасанды интеллект жасаған музыканың көбеюі стриминг платформаларындағы табысқа әсер етуі ықтимал. Егер адам мен алгоритм жасаған шығармалар бірдей табыс үлесіне таласса, музыканттардың авторлық сыйақысы азаюы мүмкін деген қауіп бар.
- Үшіншіден, музыка тыңдаушысы алдында ақпараттың ашық болуы мәселесі туындайды. Индустрия өкілдерінің бір бөлігі жасанды интеллект көмегімен жасалған шығармаларға арнайы белгі қойылуы қажет деп санайды. Сонда тыңдарман өзіне ұсынылған музыканың адам шығармашылығының нәтижесі ме, әлде алгоритмнің көмегімен жасалған дүние ме екенін біле алады.
Дегенмен жасанды интеллектінің музыкаға келуін тек қауіп ретінде қарастыруға болмайды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, керісінше, адамның қолынан шыққан музыка мен жанды орындаудың бағасы арта түсуі мүмкін. Себебі алгоритм белгілі бір әуезді, дыбыстық мәнерді немесе орындау тәсілін қаншалықты дәл қайталағанымен, адам сезімінің тереңдігін толық жеткізуі қиын. Әсіресе сахнадағы орындаушы мен көрермен арасындағы тікелей байланыс, бір сәтте пайда болатын ерекше көңіл күй мен концерттің қайталанбас әсерін технологияның дәлме-дәл қайталауы әзірге мүмкін емес.
Менің ойымша…
Музыка менің өмірімнің әр кезеңінде бірге болды. Классика мен джаздан бастап блюз, рок, прогрессивті рок және фолкке дейін әртүрлі бағыттағы шығармаларды тыңдап өскен адам ретінде жасанды интеллектінің музыкаға араласуына әрі қызығушылықпен, әрі алаңдаушылықпен қараймын.
Жасанды интеллектінің техникалық мүмкіндігіне таңданбау қиын. Ол аз уақыттың ішінде әуен құрастырып, белгілі орындаушының музыкалық мәнеріне ұқсас шығарма жасап, тыңдауға дайын сапалы жазба әзірлей алады. Бұрын мұндай жұмысты орындау үшін музыканттар, композиторлар, дыбыс режиссерлері және басқа да мамандардың ұзақ еңбегі қажет болатын.
Бірақ музыканың мәнін тек әуеннің құрылымы мен дыбыстың сапасынан іздеу жеткіліксіз.
Адамның ең есте қаларлық шығармалары көбіне оның өз өмірінен бастау алады. Қуаныш, айырылысу, өкініш, сәтсіздік, арман, үміт, махаббат немесе өмірдің белгілі бір кезеңінде бастан өткерген ауыр сезім — мұның бәрі музыканың мазмұнына айналуы мүмкін. Адам өз басынан өткенін шығармашылық арқылы жеткізеді. Ал жасанды интеллект мұндай өмір жолынан өткен жоқ. Ол адамның сезімін сипаттай алады, белгілі бір көңіл күйге сай музыка жасай алады, бірақ сол сезімді өзі бастан кешірмейді.
Сондықтан жасанды интеллектіні музыкаға қарсы қойылған күш деп қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Музыканттар бұған дейін де жаңа технологияларды шығармашылық мүмкіндігін кеңейтетін құрал ретінде пайдаланып келді. Синтезатор, сэмплер, цифрлық дыбыс жазу секілді жаңалықтардың барлығы уақыт өте келе музыканың ажырамас бөлігіне айналды. Жасанды интеллектінің де осындай құралға айналуына мүмкіндік бар. Ең бастысы – технология музыканттың орнын басуға емес, оның шығармашылық ізденісін толықтыруға қызмет етуі керек.
Бәлкім, жасанды интеллектінің музыкаға келуі бізге бір қарапайым нәрсені қайта түсінуге көмектесер. Біз музыканы мінсіз дыбысталғаны үшін ғана жақсы көрмейміз. Оның адамға әсер ететіні, өз сезімімізді тануға мүмкіндік беретіні және бір-бірімізбен байланыс орнататыны үшін бағалаймыз.
Ал дәл осы адам арасындағы байланыс музыка құндылығының өзегінде қала бермек.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған музыка үлгісі:
FACEBOOK.COM
70-жылдар әуенімен сусындағандар
Victor N Baldi












