Қарағандыда өткен әскери- тактикалық жарыстарда 60-тан астам білім беру ұйым топтары үздік атану үшін сынға түсті. Жарыс алаңы ретінде Қарағандыдағы №19 мектептің базасы таңдалды, ал «негізгі ұрыс алаңы» ретінде – отандық ІТ-компания әзірлеген «Геотактика» виртуалды полигоны болды.
Жуық арада бұл симулятор Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары оқу орындары мен колледждерге енгізілмек. Жарысқа қатысушылар әскери топография мен атыс дайындығы бойынша түрлі тапсырмаларды орындап, FPV-дрондарды басқарудағы шеберліктерін көрсетті.
Жас сарбаздардың өнерін ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мен «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Махсут Гусейнов бақылап, жаңа технологиялардың әскери кадрларды даярлаудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Геотактика» – болашақ сарбаздарға әскери тактиканы үйретіп, қару-жарақ пен дрондарды басқару машықтарын меңгертетін инновациялық платформа. Сабақтар компьютер сыныбында виртуалды көзілдіріктерді қолдану арқылы өтеді.

Бұл көпфункционалды симулятор әскери дайындықтың негізгі дағдыларын меңгеруге, бағдарлау мен тактикалық барлауды үйренуге мүмкіндік береді. Жүйе әртүрлі әскери сценарийлерді нақты қалпына келтіріп, дәстүрі аудиториялық сабақтарда да, онлайн-режимде де қолдануға болатын әмбебап құрал ретінде жасалған.
«Финист» компаниясының басшысы Денис Зиновьевтің айтуынша, «Геотактика» 2023 жылы Defence Tech Battle стартаптар байқауында үздік инновациялық технология ретінде танылған.
– Біздің мақсатымыз – әскери білім беруді кезең-кезеңімен цифрландыру. Бұл бағдарлама әскери кафедра студенттерінің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Қазіргі таңда ол топография, атыс дайындығы және тактиканы оқытуға, сондай-ақ виртуалды көзілдірік пен джойстик арқылы дрондарды басқаруға мүмкіндік береді, – дейді Зиновьев.
Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Абай атындағы мектеп-гимназиясы иеленсе, күміс жүлде №19 мектепке бұйырды. Ал Қарағандыдағы №32 мектептің командасы бас жүлдені жеңіп алып, FPV-дрон мен арнаулы ұшу жабдықтарын иеленді.
Жеңімпаз топтардың мүшесі, 10-сынып оқушысы Дмитрий Ванецкий жарысқа қызығушылықпен қатысқанын айтады. Оның сөзінше, үздік нәтиже көрсету үшін топтағы әр мүшенің іс-әрекетін үйлестіре білу маңызды болды.

– Бағдарламаны меңгеру оңай әрі ыңғайлы болды, интерфейсі түсінікті. Тапсырмалар түрлі деңгейде әзірленген, олардың кейбірі шынайы әскери жағдайды еске түсірді. Симулятор мүмкіндігі өте кең – жеке сарбаздың іс-қимылдарын да, бүтін бір бөлімшенің тактикалық әрекеттерін де пысықтауға болады. Сондай-ақ, әртүрлі әскери техниканы, оның ішінде дрондарды басқаруға мүмкіндік бар, – деп өз әсерімен бөлісті оқушы.
Қарағандыда өткен бұл жарыс – әскери білім берудегі жаңа технологиялардың тиімділігін көрсеткен ерекше тәжірибе. Виртуалды жаттығулар болашақ сарбаздарға маңызды машықтарды меңгеруге көмектесіп, Қазақстандағы әскери дайындық жүйесін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.
Фархат КИНЖИТАЕВ
Сурет авторы: Александра МАРЧЕНКО