Home Технологиялар VR мен AR Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

16

Цифрлық дәуірде жасанды интеллект (ЖИ) пен телекоммуникацияның бір-бірімен үйлесуі – технологиялық серпілістің басты шарты. Интернет жылдамдығы мен деректерді өңдеу мүмкіндіктерін жетілдірусіз ЖИ-дің толыққанды дамуы екіталай, ал байланыс саласы жасанды интеллектті енгізбей, тиімділігін арттыра алмайды. Осы өзара байланыс Қазақстанның цифрлық өркендеуінде шешуші рөл атқарып отыр.

Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

Digital Almaty 2025 форумында сала көшбасшылары телекоммуникация мен ЖИ-дің үйлесуі арқылы қолжетімді әрі сапалы интернетті дамыту, 5G технологияларын енгізу, реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады. Сарапшылар жасанды интеллектіні телеком саласының негізгі қозғаушы күші ретінде атап, оны кеңінен пайдалану үшін бұлттық және есептеу технологияларын жетілдіру қажеттігін айтты. Бұл бағыттағы қадамдар Қазақстанның цифрлық болашағына қалай әсер етеді? Қандай мүмкіндіктер мен қиындықтар бар? Мақалада осы сұрақтарға жауап іздейміз.

МЦРИАП

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (МЦРИАП) телекоммуникацияның дамуына ерекше көңіл бөлуде. Комитет төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, басты мақсат – елдің барлық тұрғындарын, әсіресе ауылдық аймақтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Осы мақсатпен «Қолжетімді интернет» ұлттық бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам ауылға сымды интернет тарту бастамасы жүзеге асырылуда.

Елімізде кең жолақты интернеттің қолжетімділігін арттыру мақсатында ауқымды жоба іске асырылуда. Бұл бастама елді мекендер мен автожолдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге, сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын нығайтуға, транзиттік әлеуетті күшейтуге және өңірлік дата-хаб қалыптастыруға бағытталған.

Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, «Қолжетімді интернет» бағдарламасы аясында 3010 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) тартылады, 504 ауылдық елді мекенде спутниктік байланыс нүктелері орнатылады. Сонымен қатар, 1120 ауылды қосу үшін «соңғы миля» инфрақұрылымы жасалып, автожол бойында 487 антенна-діңгек кешені салынады.

Министрлік шалғай өңірлерде интернетке қолжетімділікті арттыру мақсатында спутниктік байланысты дамытуға ерекше назар аударуда. Қазіргі уақытта Starlink қызметі 1800-ден астам ауыл мектебінде пилоттық режимде тестіленуде. Сонымен қатар, Қазақстанда OneWeb спутниктік операторы ресми түрде жұмысын бастады. Компанияның алғашқы коммерциялық жобаларының бірі – 2025 жылдың қаңтарында «Тальго» жолаушылар пойыздарында спутниктік интернетті іске қосу.

Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

Телекоммуникация, деректерді өңдеу орталықтары (ДӨО) және жасанды интеллект (ЖИ) арасындағы өзара байланыс – елдің цифрлық болашағы үшін маңызды фактор. Д. Сейсембеков бұл салалардың үйлесімді дамуы Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, инновацияларды жедел енгізуге жағдай жасайтынын атап өтті.

– Бүгінде тиімді жұмыс істейтін деректер орталығы – бұл тек киберқауіпсіздік кепілі ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялардың даму негізі. Қазақстанда ДӨО-ларды дамыту арқылы біз цифрлық тәуелсіздігімізді нығайтып, жаңа технологиялардың кеңінен қолданылуына мүмкіндік жасаймыз. ЖИ технологияларын енгізу күнделікті процестерді автоматтандыруға, тәуекелдер мен киберқауіптерді болжауға көмектеседі. Бүгінде Қазақтелеком мен Транстелеком секілді операторлар ДӨО инфрақұрылымын белсенді дамытып, елдің цифрлық егемендігін күшейтіп отыр, – деді ол Digital Almaty 2025 форумында.

Сейсембеков сонымен қатар 5G технологиясын енгізу және мобильді интернет сапасын арттыру бойынша мемлекеттік жұмыстарға тоқталып, интернеттің қолжетімділігі мен жылдамдығы цифрлық экономиканың және ЖИ-индустриясының дамуына тікелей әсер ететінін айтты.

Бұдан бөлек, спутниктік интернетті кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 176 елді мекен заманауи байланыс технологияларына қосылса, 2025 жылы тағы 250 ауылға спутниктік интернет тарту жоспарланып отыр. Бұл бастама шалғай өңірлердегі тұрғындардың сапалы интернетке қол жеткізуіне мүмкіндік бермек.

Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

Қазақтелеком

«Қазақтелеком» компаниясының сыртқы активтерді басқару жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірмановтың айтуынша, оптикалық интернеттің құрылыс шығыны жоғары болғанына қарамастан, компания 2500-ден астам ауылды талшықты-оптикалық желімен қамтамасыз еткен.

Интернет инфрақұрылымын дамыту экономикалық тұрғыдан тиімді аймақтарда жалғасын таппақ. Алайда, көптеген шалғай ауылдарға NGSO (төмен орбиталы спутниктік жүйелер) мен FWA (тұрақты сымсыз интернет) секілді баламалы технологиялар қажет болады. Қазақтелеком қазіргі уақытта 3GPP архитектурасына негізделген FWA технологиясын енгізіп, мобильді желілерді тұрақты интернетке қосылу мүмкіндігі ретінде пайдалануда. Компанияның жоспары бойынша, мұндай жүйе елуден астам ауылда іске қосылып, тұрғындарға кеңжолақты сымсыз интернет қолжетімді болмақ.

Алайда, Н. Мейірманов қолданыстағы реттеу нормалары FWA қолдануын қиындататынын атап өтті. Себебі, мобильді операторлар үшін жиіліктерге қолжетімділік және трафикті бақылау талаптары күрделі. Қазақтелеком бұл мәселені шешу үшін Үкіметке заңнаманы қайта қарауды және FWA қолдануын жеңілдетуді ұсынды.

– Біз ауылдық жерлерде FWA технологиясын енгізуді бастадық. Алғашқылардың бірі болып Алматы облысының ауылдары қосылды, бүгінде 200-ден астам үйге интернет жеткізілді. FWA – FTTH (оптикалық интернет) технологиясынан екі есе арзан. Әрине, бұл толықтай оптикалық байланысты алмастыра алмайды, бірақ халық саны аз аймақтар үшін тиімді балама. Алайда, FWA әлі нормативтік-құқықтық актілерге енгізілмеген, сондықтан бұл мәселені жаңа Телекоммуникация туралы заң жобасын әзірлеу барысында көтердік. Қазіргі уақытта нақты шешімдер жоқ, бірақ бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл технологияны кеңінен енгізу үшін реттеуші органдардың қолдауы қажет, – деді Н. Мейірманов.

Компанияның болжамы бойынша, елімізде шамамен 1 миллион үй мен 3,5 миллион ауыл тұрғыны (шамамен 50% үй шаруашылығы) дәстүрлі сымды интернеттен бас тартып, баламалы технологияларды қолдануға көшеді.

Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

Beeline Қазақстан

Beeline Қазақстан компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадин Direct-to-Cell (DTC) технологиясын енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұл технология мобильді құрылғыларды спутниктік байланысқа қосу үшін антенна немесе жерсеріктік тәрелке секілді қосымша құрылғыларсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оның айтуынша, бұл шешім Қазақстан үшін маңызды жаңалық болмақ, себебі елдің географиялық ерекшеліктері мен халық тығыздығының төмендігі осындай технологиялардың қажеттілігін арттырады. Сонымен қатар, Beeline желіні кеңейтудің дәстүрлі әдістерін де қолдануда : базалық станцияларды көбейтіп, соңғы бес жылда 2,5 мыңға жуық ауылды интернетпен қамтамасыз еткен. 5G желісінің енгізілуіне тоқталған Е.Настрадин мобильді құрылғылар үшін 4G жеткілікті екенін, ал үйде интернетке қосылу үшін талшықты-оптикалық байланыс қажет екенін атап өтті.

“Менің ойымша, смартфон қолданушылар үшін сыртта 4G жеткілікті, ал үйде тұрақты интернет керек. Біз осы стратегияны жүзеге асырып келеміз. Біздің басты мақсатымыз – бүкіл елді сапалы LTE желісімен қамту. Тек белгілі бір топқа ғана қолжетімді 5G-ден гөрі, барлық тұрғынға тұрақты әрі сенімді байланыс ұсыну әлдеқайда маңызды. Мобильді операторлар 4G желісінің қамту аймағын кеңейту қажет. Бұл тек ауылдық жерлерге ғана емес, сонымен қатар желіні нығайту қажет болатын қалаларға да қатысты”, – деді Beeline-ның бас атқарушы директоры.

Компания басшысы бұл пікірін нақты деректермен растады. Соңғы бір жылда Beeline абоненттерінің саны 500 мыңға артып, қазіргі таңда 12 миллионға жуықтады. Ал соңғы бес жылда компания 2500-ге жуық елді мекенге LTE желісін жеткізген.

Компания қазір тарифтерді барынша қолжетімді ұстауға тырысып, икемді жоспарлар ұсынып отырғанын айтты. Мысалы, Beeline мүгедектігі бар адамдарға, зейнеткерлерге және студенттерге арнаулы тарифтер ұсынып, отбасылық пакеттерді дамытып келеді. Бұл пакеттерде үйдегі интернет пен мобильді байланыс біріктірілген, нәтижесінде пайдаланушылар шығындарын үнемдей алады.

2023 жылдың желтоқсанында Қазақстанда қазақ тіліндегі алғашқы үлкен тілдік модель – KazLLM іске қосылды. Бұл жобаға Beeline серіктес ретінде қатысқан. “Көптеген үлкен тілдік модельдер алдымен халықаралық тілдерге бейімделіп жасалады. Біз үшін қазақ тілінде де осындай мүмкіндіктердің болуы өте маңызды. Бүгінде шалғай ауылда интернет пен жасанды интеллектіге қол жеткізген адам өз ісінің маманымен тең дәрежеде жұмыс істей алады”, – деді Е.Настрадин.

Beeline басшысы соңғы жылдары интернетке деген сұраныс күрт өскенін мәлімдеді. Егер бес жыл бұрын бір абонент айына орта есеппен 9 ГБ интернет пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 30 ГБ-қа жетті (әлемдік орташа деңгей – 12 ГБ). Сонымен қатар, байланыс сапасын сақтау үшін базалық станциялардың саны артып, шығындар да көбейіп келеді. Оның айтуы бойынша, бір ғана байланыс станциясы шамамен 20 пәтердің электр қуатын тұтынады. Ал бүкіл Beeline желісі ірі қалалардың энергия тұтынуымен тең. Соңғы уақытта электр қуатының тарифтері де қымбаттауда, бұл тікелей байланыс қызметтерінің өзіндік құнына әсер етеді.Айта кетсек, соңғы екі жылда Қазақстанда мобильді интернетті пайдалану көлемі екі есеге артқан. Қазіргі таңда ел тұрғындарының жан басына шаққандағы мобильді интернетті пайдалану деңгейі бойынша Қазақстан әлемдегі үздік ондыққа кіреді.

Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

Tele2/Altel

Tele2/Altel компаниясының бас директоры Александр Бабичев ұялы байланыс пен интернет тарифтерінің қымбаттауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бағаның өсуі – заңды құбылыс, себебі инфрақұрылымның құны артып, дерек алмасу көлемі геометриялық прогрессиямен ұлғаюда. Қазақстанның аумағы ауқымды болғанымен, халық саны салыстырмалы түрде аз. Осыған байланысты әрбір байланыс нүктесіне келетін абоненттер саны төмен, бұл инфрақұрылымдық дамуды қымбатқа түсіріп отыр.

Сонымен қатар, интернетті пайдалану көрсеткіші де қарқынды өсуде. Бес жыл бұрын қазақстандық абонент айына орта есеппен 9 гигабайт интернет қолданса, бүгінде бұл көрсеткіш 30 гигабайтқа жуықтады. Елдегі әрбір екінші үйде сымды интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ, ал бар желілердің басым бөлігі ескірген ADSL және XDSL технологияларына негізделген. Бұл мәселенің шешімі – сымды интернетке балама ретінде 5G негізіндегі FWA технологиясын дамыту. Ол жоғары жылдамдықтағы интернетті қосымша желі тартпай-ақ пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінде 5G Қазақстанның 20 ірі өңірінде қолжетімді, әрі бұл технологияның қолданыс ауқымы кеңейіп келеді.

Александр Бабичев технологиялық шығындардың артуына байланысты байланыс операторларының ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті. Tele2/Altel мен Kcell арасындағы 5G желісін дамыту бойынша бірлескен жобалар бұл тәсілдің тиімділігін дәлелдеді. Өйткені серіктестік күрделі шешімдерді жылдам іске асыруға көмектеседі және жаңа буын желісін енгізу процесін жеделдетеді.

“Tele2/Altel жасанды интеллект пен 5G технологияларын белсенді түрде дамытып жатыр. Біз Smart Network шешімін енгіздік, ол желі құрылысын нақты сұраныс негізінде оңтайландырады. Сондай-ақ AI көмегімен қызметтерді жекелендіру арқылы клиенттерге арналған ұсыныстардың құндылығын арттырып жатырмыз. Ал B2B/B2G бағытында геоаналитика мен болжамды үлгілерді пайдалана отырып, бизнес-процестерді тиімді оңтайландыруға мүмкіндік беретін шешімдер әзірленуде. Алдағы уақытта бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр, бұл өзгерістердің алдыңғы қатарында 5G мен жасанды интеллект тұрады”, – деді А.Бабичев.

Жуырда “Мобайл Телеком Сервис” компаниясында ауқымды өзгерістер орын алды. Оның 100% үлесін Катардың Power International Holding (PIH) холдингі сатып алды. Жаңа акционер әлемнің көптеген нарығында жұмыс істейді және Tele2/Altel қызметін өзге де бизнес бағыттарымен байланыстыра отырып дамытуға мүдделі. PIH бұған дейін Қазақстан экономикасына инвестиция салу жоспарын жариялаған еді, сондықтан бұл келісім отандық телекоммуникация саласының дамуына серпін беруі мүмкін.

Жасанды интеллект пен телекоммуникация: Қазақстанның цифрлық дамуы

Kcell

“Kcell” АҚ басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин Tele2/Altel компаниясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 5G желісін дамыту қарқынды жүріп жатқанын мәлімдеді. Екі оператор 2022 жылы 5G жиіліктерін алғаннан бері серіктестік негізінде инфрақұрылымды жетілдіріп келеді.

“2023-2024 жылдары елімізде шамамен 1500 жаңа базалық станция іске қосылды, бүгінде 5G желісі 21 қалада қолжетімді. Біз өзара келісім аясында жұмыс істеп, алған міндеттемелерімізді орындаудамыз. Кейбір қалаларда құрылыс жоспарын артығымен орындап, жұмысты белгіленген мерзімнен бұрын аяқтадық. Жалпы, құрылыс қарқыны өте жоғары. 2023 және 2024 жылдарға белгіленген лицензиялық міндеттемелер толықтай орындалды. Желтоқсан айында Tele2-мен бірігіп, 300-ге жуық базалық станцияның инфрақұрылымын ортақ пайдалану жүйесін іске қостық. Бұл – барлық тараптар үшін тиімді қадам: клиенттер сапалы әрі тұрақты байланысты қай қалада жүрсе де қолдана алады”, – деп атап өтті Жамбакин.

Kcell – қазіргі уақытта еліміздегі метро станцияларында байланыс орнатқан жалғыз оператор. Бүгінде 9 станцияда мобильді интернет пен байланыс қолжетімді. Сондай-ақ компания Қазақстанда алғаш болып 5G желісін өнеркәсіп саласына енгізді.

“Форумда біз жасанды интеллект пен private 5G технологиясының мүмкіндіктерін көрсеттік. ERG көмір кесіндісінде 5G арқылы пилотсыз техника басқарылады. Жоғары жылдамдықтағы дерек алмасу мен төменгі кідіріс уақыты өндірістік процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді”, – дейді Жамбакин.

2020 жылдан бері Kcell желісіндегі дерек алмасу көлемі 88%-ға артты. Смартфондар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғандықтан, мобильді құрылғылар секундына 200-500 интернет сұранысын жібереді және қабылдайды. Бұл мобильді операторлар желісіне үлкен жүктеме түсіреді.

“5G технологиясы 4G желісін толықтырып, дерек алмасу арнасын кеңейтеді. Бұл өз кезегінде жоғары жүктеме кезінде желінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бүгінде 5G трафигінің үлесі бес есе өсіп, жалпы интернет тұтынудың 30%-ын құрап отыр. Алматыда бұл көрсеткіш 40%-ға жетті. Бұл – пайдаланушылардың жаңа технологияға жаппай көшкенінің дәлелі. Дегенмен, 5G-нің дамуы 4G желісін жетілдіруді тоқтатпайды. Қазіргі уақытта инфрақұрылымдық жобалардың 75%-ы 4G желісіне тиесілі. Ал 5G негізінен халық тығыз орналасқан аудандарда: қалалар орталығында, туристік аймақтарда және көлік хабтарында дамып келеді”, – деді Жамбакин.

Халықаралық форум барысында телекоммуникацияның жасанды интеллект индустриясының негізі екені ерекше атап өтілді. Қазақстанда бұл саланы одан әрі дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтып, жаңа технологияларды кеңінен енгізу қажет. Бұл жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін арттырып, телекоммуникация саласының тиімділігін еселеп, елдің цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға септігін тигізеді.

Сурет авторлары мен мсілетемелері: Д.Курманова, М.Ситникова, gurk.kz, cnews.kz, kaz.orda.kz