Digital Almaty 2025 форумында Қазақстанның цифрлық даму, онлайн қызметтер және электронды басқару салаларындағы жетістіктері талқыланды.
Сарапшылардың айтуынша, елдегі цифрлық трансформация айтарлықтай қарқын алған. Озық технологиялар мен жасанды интеллект жүйелері кеңінен енгізіліп, цифрлық инфрақұрылымға инвестиция салу белсенді жүргізілуде. Мемлекеттік басқару мен қызмет көрсету салалары түбегейлі өзгеріп, азаматтарға ыңғайлы әрі қолжетімді бола түсті.

Бүгінде eGov электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді 93%-дан астам қазақстандықтар пайдалана алады. Көптеген қызметтерді алу үшін компьютердің де қажеті жоқ – бәрін смартфон арқылы рәсімдеуге болады.

Цифрландырудың арқасында азаматтар ұзын-сонар кезекте тұрмай-ақ, қажетті анықтамаларын тез алып, басып шығара алады. QR-қолтаңба мен биометриялық сәйкестендіру сияқты инновациялар да енгізілді.

Мысалы, QR-қолтаңба арқылы бір жыл ішінде 23 миллионнан астам құжат рәсімделген. Сондай-ақ, баланы балабақша мен мектепке тіркеу, жоғары оқу орнына құжат тапсыру, төлқұжат пен жеке куәлікті алу немесе ауыстыру процесі айтарлықтай жеңілдетілді.



Қазақстан БҰҰ рейтингісінде қандай орын алды?
БҰҰ-ның E-Government Survey 2024 рейтингі екі жыл сайын электронды қызметтер, адами капитал және телекоммуникациялық инфрақұрылым деңгейін сараптауға негізделген.
Қазақстан EGDI (электрондық үкіметті дамыту индексі) бойынша 24-орынға көтеріліп, цифрландыру деңгейі өте жоғары елдер қатарына енді.
Сонымен қатар, онлайн қызметтер индексі (OSI) бойынша 10-орынға жайғасып, алғашқы ондыққа кірді.
Осылайша, Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы позициясын сақтап қалды.

«Расында да, Қазақстан БҰҰ-ның EGDI рейтингінде 24-орынды иеленіп, 4 сатыға жоғарылады. Сонымен қатар, біз әлемдегі онлайн қызмет көрсету бойынша алғашқы 10 елдің қатарындамыз», – деп мәлімдеді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин.

«Онлайн сервистер рейтингінде әрбір ұпай мыңдық өлшеммен есептеледі. Яғни, алғашқы ондықтағы елдер шамамен бір деңгейде. Бұл рейтинг енді секторлардың даму қарқынын және жекелеген бағыттарды бағалауға көбірек мән береді», – деп атап өтті вице-министр.
Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан қай деңгейде?
БҰҰ рейтингісінде алғашқы ондыққа дәстүрлі түрде Исландия, Сингапур және Эстония кіреді. Қазақстан Испания, Германия және Израильден бір саты төмен, ал Швейцарияны екі сатыға артта қалдырды (26-орын).
БҰҰ-ның халықаралық электр байланысы одағының ТМД бағдарламаларының үйлестірушісі Фарид Нахли Қазақстанның жоғары деңгейге жеткенін, алайда бұдан әрі көтерілу қиындай түсетінін атап өтті:
«Қазақстан айтарлықтай жоғары деңгейге жетті, енді әр жыл сайын жоғарылау барған сайын күрделене түседі», – деді сарапшы.Сондай-ақ, ол Қазақстанда азаматтардың цифрлық қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру маңызды екенін айтты.

«Азаматтардың қатысу деңгейі мен түрлі байланыс арналарының бар болуы бағаланады. Бұрын тек электронды үкімет қолжетімді болса, қазір мобильді үкімет туралы сөз қозғап отырмыз. Осы бағыттардың барлығында Қазақстан үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Отыздыққа кіру — бұл өте қиын, әрі бұл рейтингті ұстап тұру да оңай емес. Мұның артында ауқымды жұмыс жатыр», — деп түсіндірді спикер.
«Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымы жақсы дамыған, дерекқор жүйесі жетілдірілген, мықты инженерлік мектеп қалыптасқан. Енді басты назарды азаматтардың белсенділігін арттыруға аудару керек. Ел көлемі үлкен, шалғай өңірлер бар. Азаматтардың жынысына, жасына немесе тұратын жеріне қарамастан, цифрлық қызметтерді еркін қолдана алуы маңызды. Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздікке ерекше мән берген жөн. Егер азамат бір рет деректерінің, әсіресе қаржылық мәліметтерінің сенімділігіне күмән келтірсе, ол қызметті пайдалануды тоқтатады. Сол себепті сенімділік пен қауіпсіздікті күшейту – рейтингте жоғарылау үшін шешуші фактор», – деді Нахли.

Қазақстанның 24-орны оның Уругвай (25-орын), Швейцария (26-орын) және Түркия (27-орын) сияқты елдерден жоғары тұрғанын көрсетеді. Франция 34-орынға, ал Қытай 35-орынға жайғасқан.
Онлайн қызметтер индексі (OSI) бойынша Қазақстан 10-орынға көтеріліп, Қытай, Германия және Австралияны артта қалдырды. Ел Оңтүстік Корея, Дания және Эстониямен бір топқа енді.
Қазақстан ТМД елдері ішінде де көшбасшы атанды. Мысалы, Ресей 43-орында, Армения – 48, Өзбекстан – 63, Әзербайжан – 74-орында қалды.
Қорытынды:
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев БҰҰ сарапшыларының Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалағанын атап өтті. Айта өту керек, биылғы тізімге 193 мемлекет енген.

««Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Біз қызметтерімізді әрбір қазақстандық үшін қолжетімді, қауіпсіз әрі инновациялық ету жолында жұмысымызды жалғастыра береміз!» – деп қорытындылады министр.