Home Технологиялар Ғаламтор және желі Балқашта емханаларға Face ID жүйесі енгізілуде

Балқашта емханаларға Face ID жүйесі енгізілуде

10

Енді дәрігер қабылдауына жазылу үшін пациент өзінің жеке басын растауы керек. Бұл жаңашылдық 1 қаңтардан бастап еліміздің барлық өңірінде іске қосылды.

Өткен жылдың соңында Face ID жүйесі Астана емханаларында пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Ал жаңа жылдан бастап ол Қазақстанның барлық аймағында қолданысқа енді.

Балқашта бұл жүйе №2 емханада жұмыс істей бастады. Мамандардың түсіндіруінше, Face ID арқылы алынған бейне пациенттің eGov порталындағы фотосуретімен салыстырылады, осылайша жеке тұлғасы расталады. Пациент дәрігерге келген кезде eGov mobile қосымшасы арқылы QR-кодты сканерлеп, өзінің келгенін растауы керек.

Жүйе арқылы азаматтар қабылдау уақыты, дәрігердің аты-жөні секілді қосымша ақпаратпен таныса алады. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсетуге келісім беріп, жеке деректерінің жиналуына және өңделуіне рұқсат береді. Ал медициналық мекемелер бұл жүйені көрсетілген қызмет сапасын бақылау және пациенттердің келуін қадағалау үшін пайдаланады.

Алайда, қала тұрғындарының барлығы бірдей жаңа ережелерді жылы қабылдамады. Көпшілігі бұл жаңашылдық дәрігердің пациентпен қарым-қатынас жасау уақытын қысқартады деп алаңдаулы.

– Пациенттің жеке басын анықтау қабылдау уақытына кірмейді. Демек, бір науқасқа бөлінген уақыттың бір бөлігі осы процедураға кетеді. Бұл әсіресе заманауи байланыс құралдарын пайдалана алмайтын егде жастағы адамдар үшін қиындық туғызады, – деп пікір білдірді қала тұрғыны әлеуметтік желіде.

Мамандардың айтуынша, жүйе медициналық қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін енгізіліп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, биометриялық сәйкестендіру жүйесі көрсетілген қызметтердің нақты тіркелуін қамтамасыз етіп, жалған есептер жасауға жол бермейді. Бұл шара бюджет қаражаты мен сақтандырылған азаматтардың жарналарын мақсатсыз пайдаланудың алдын алады.

Қателіктер мен артық есептердің алдын алу үшін биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілсе, енді медициналық деректер базасын тиісті мемлекеттік органдардың мәліметтерімен біріктіру жоспарланып отыр.

Виктория БУХАНЦЕВА