Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов «Digital Almaty 2025» халықаралық цифрлық форумында жасанды интеллект (ЖИ) саласын дамыту мақсатында Жасанды интеллект комитеті құрылып, ЖИ туралы заң жобасы мен ұлттық стратегия әзірленгенін мәлімдеді.
«ЖИ дамыту үшін қажетті институционалдық негізді қалыптастыру мақсатында Қазақстанда Жасанды интеллект комитеті құрылды. Осыған сәйкес, ЖИ саласының дамуы үшін бастапқы нүкте болған концепция қабылданды. Қазіргі таңда инновацияларды дамыту үшін құқықтық негіз құру үшін ЖИ туралы заң жобасы әзірленді. Бұл заң саланы реттеу мен оның дамуын ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған», – деді Бектенов.
Ол сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қазіргі уақытта есептеу қуаттарын тек арттырудың тиімсіз екенін атап өтті, себебі экспорт ережелері қатаңдап, олардың құны жоғарылап барады.
«Біздің келесі маңызды қадамымыз – өзіміздің LLM және мультимодальды модельдерге көшу. Бұл технологиялар бізге мәдени құндылықтарымызды сақтау, шешімдеріміздің бейімделгіштігін арттыру және деректер қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар жергілікті нарықтардың ерекшеліктерін және азаматтардың мүдделерін ескеруде маңызды рөл атқарады», – деп толықтырды Премьер-министр.
Бектенов Қазақстанда алдағы 5 жылда ЖИ саласында 1 миллион адамды оқыту міндеті қойылғанын мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жасанды интеллект орталығы – Alem AI экожүйесін құруды мақсат етті. Бұл орталық биыл Астанада ашылып, жетекші IT компаниялар, зерттеу зертханалары, стартаптар мен білім беру бағдарламаларын біріктіретін алаңға айналады. Біз ЕАЭО елдерін Alem AI орталығы негізінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз», – деді Бектенов.