Қазақстанда ішкі IT-нарығын дамытуға және сыртқы қауіптерден қорғауға арналған Kaz-LLM атты бірегей тілдік модель әзірленуде.
Бұл жоба ең алдымен қазақстандық компаниялар әзірлейтін бірқатар технологиялық шешімдердің негізіне айналуы тиіс. Жергілікті тілдік модельдің қолданылуы шетелдік технологияларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ұлттық мүдделерді қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі және елдің идеологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Kaz-LLM сыртқы қауіптерге байланысты тәуекелдерді азайтып, ішкі IT-қызметтер нарығының дамуына серпін береді. Қазіргі уақытта модельді үйрету процесі қарқынды жүргізілуде, оған 148 миллиард токен қолданылған.
Kaz-LLM негізінде жасанды интеллект өнімдері жасалуда. Олар eGov жүйесі, E-otinish қызметі және құқықтық көмек көрсететін AI-ассистент сияқты салаларда пайдаланылмақ.
Қазіргі уақытта үкімет жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясат пен инновацияларды дамытуға жауапты комитет құрды. Сонымен қатар, 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Бұл қадамдар Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігін нығайтып, технологиялық жетістіктерін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.