Home Аналитика Мектептерде телефон қолдануды шектеу туралы ұсыныс түсті

Мектептерде телефон қолдануды шектеу туралы ұсыныс түсті

12

Мектептерде смартфонды қолдануға нақты ережелер керек екенін бұрынғы білім министрі, Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанның бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде смартфондарды қолдану үшін нақты ережелер мен бақылауды енгізу қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шаралар балалардың денсаулығына зиян келтірмеуге және білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Депутат смартфондарды сабақтарда қолдануға тыйым салатын заңның былтыр қабылданғанын айтып, осы мәселені ата-аналармен бірігіп, халықаралық тәжірибелерді ескере отырып талқылауды ұсынды.

Аймағамбетов тек қоңырау шалатын қарапайым телефондарды пайдалануға рұқсат беруді ұсынды. Ол бұл балалардың қажет болған жағдайда ата-аналарымен байланысуына мүмкіндік береді деп санайды.

Бұдан бөлек, экс-министр мектептерде смартфондарды сақтау үшін арнайы орындар ұйымдастыруды ұсынды. Бұл балалардың телефонды тек төтенше жағдайларда ғана қолдануына мүмкіндік береді.

Депутат смартфондарды қолдануды бақылаудың білім алу процесіне зиян келтірмеуі үшін қажетті шара екенін, сондай-ақ оқушылардың сапалы білім алуына назар аударудың маңызды екенін атап өтті.