Home Технологиялар Роботы, дроны и ИИ Алматылық оқушы маймыл шешегін анықтайтын жасанды интеллект жасап шығарды

Алматылық оқушы маймыл шешегін анықтайтын жасанды интеллект жасап шығарды

13
medical worker holds a test tube with Monkeypox virus infected blood sample in his hands,hands in gloves close-up against the background of a sad monkey. Animal epidemic. Epidemic of smallpox monkeys in Europe and the USA.

Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Артем Лаврентьев маймыл шешегінен туындаған тері ауруларын жасанды интеллект арқылы анықтай алатын жүйені жасап шығарды.

Бүгінде жасанды интеллектті медицина саласына енгізу – заманауи денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарының бірі. Бұл технологиялар болашақта медицинаны түбегейлі өзгертуі мүмкін: диагностикадан бастап дәрі-дәрмек әзірлеуге дейін. Қазірдің өзінде жасанды интеллект дамыған елдерде рентген, МРТ суреттерін интерпретациялауда, қатерлі ісік, сынықтар және COVID-19 сияқты ауруларды анықтауда қолданылады.

Артем Лаврентьев маймыл шешегін анықтауда жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндігін зерттеуді қолға алды. Оның ғылыми жобасының нәтижесінде тері ауруларын жіктеп, маймыл шешегін таба алатын модель жасалды.

«Медициналық суреттерді өңдеу – жасанды интеллекттің қолданылатын маңызды бағыты. Жобаны жүзеге асыру барысында Convolutional Neural Networks (CNN) негізіндегі терең оқыту әдісін қолдандым. Алдын ала дайындалған модельді бейімдеу, гиперпараметрлерді реттеу арқылы модельді жетілдірдім. Жоба үшін арнайы дайындалған деректер базасы пайдаланылды, онда әртүрлі тері ауруларының, соның ішінде маймыл шешегінің суреттері жинақталған», – деп бөлісті Артем.

Артем жасаған эксперименттік модель 95% дәлдік көрсеткен. Ол бұл жобаның инфекциялық ауруларды анықтаудың бастапқы құралы ретінде пайдалы болатынын және медицина саласына түсетін жүктемені азайтуға көмектесетінін айтты. Қазір ол Telegram платформасында маймыл шешегін анықтай алатын чат-бот құрумен айналысуда.

2022 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) маймыл шешегі ауруын халықаралық деңгейдегі қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялаған болатын. Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың мәліметінше, 2022 жылдың мамыр айынан бастап маймыл шешегі ауруының 99 мыңнан астам жағдайы тіркелген, оның 189-ы өліммен аяқталған.