2025 жылдың тамыз айынан бастап еліміздегі барлық банк бірыңғай QR төлем жүйесіне қосылуға міндеттеледі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленов мәлімдеді.
“Ұлттық банк жаңа «Банктер туралы» заңға түзетулер енгізуді қолға алды. Онда екінші деңгейлі банктердің барлығын бірыңғай экожүйеге қосу міндеттелген. Жаңа жылдан бастап барлық банк осы жүйеде жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Қазір қаржы ұйымдары кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Бүгінде тоғыз банкпен Ұлттық төлем корпорациясы келісімшарт жасап үлгерді. Олардың қатарында – Халық банк, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Altyn Bank, RBK Bank, Bereke Bank, Forte Bank, Home Credit Bank және Нұрбанк бар. Бұл банктер қазір жүйені әзірлеу және қосу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр”, – деді Жаленов.
Оның айтуынша, биыл маусым айында алғашқы бес банктің клиенттері үшін телефон нөмірі арқылы өзара аударым жасау мүмкіндігі іске қосылады. Қазіргі уақытта Freedom Bank пен RBK Bank бірыңғай жүйеге толықтай көшуді аяқтады.
Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бірыңғай QR-код жүйесі өткен жылы құрылғанын еске салды.
“Қазір банктерді жүйеге қосудың нақты жұмысы жүріп жатыр. Ең бастысы – банктердің ішкі дайындық деңгейі. Кейбірінде техникалық үдерістер күрделі, сол себепті қосылу мерзімі ұзарып жатыр. Соған қарамастан, жыл соңына дейін барлық банктермен бұл мәселені шешіп, толық іске қосуды жоспарлап отырмыз”, – деді ол.
Джамиля КАРИМОВА