Қазақстан ауылдарын интернетпен қамтамасыз ету мақсатымен жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Осы жоба аясында 100-ден астам ауылға интернет қолжетімді болмақ. Алғашқылардың бірі болып Алматы облысындағы Сарыбай би ауылы жаңа технология бойынша интернетке қосылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев ауылда болып, интернетті енгізудің жаңа тәсілдерінің артықшылықтарын сараптап, Сарыбай би ауылының тұрғындарымен әңгімелесті.
Бұрын ауыл тұрғындары интернетке ескі ADSL технологиясы арқылы қосылған еді. Бірақ бұл әдіс жылдамдық пен байланыс сапасы бойынша шектеулі болды. Жаңа тәсіл деректерді 200-300 Мбит/с жылдамдықпен жеткізіп, үлкен аумақтарды қами алады. Сонымен қатар, көп пайдаланушы болған кезде байланыс тұрақты болады.
Сарыбай би ауылының 105 үйі жаңа технологияға қосылып, оның артықшылықтарын көріп үлгерді. Қазір тұрғындар жаңа интернетке қосылу үшін өтініштерін белсенді түрде беріп жатыр.
«Бұл технологияның басты артықшылығы — жоғары жылдамдықты, тұрақты интернет ұсыну, әрі оптикалық желілерді жүргізу қажет емес. Бұл Қазақстандағы ауылдарды цифрландырудың жаңа қадамы. Бүгін біз Сарыбай би ауылында FWA 5G технологиясының тиімділігін көріп отырмыз. Енді бұл ауыл тұрғындары, алдағы уақытта басқа да ауылдар, заманауи онлайн қызметтер мен мүмкіндіктерге қол жеткізе алады», — деп, Жасұлан Мадиев өз пікірін қосты.
Қазтелеком компаниясы өз кезегінде «Ауылтелеком» жаңа еншілес ұйымы арқылы сынақтан өткен технологияны еліміздегі басқа ауылдарға да енгізуді жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта 7 ауылға жаңа технология орнатылып, 200-ден астам үйге интернет байланысы ұсынылды. 2025 жылға дейін 100-ден астам ауылға қосылу жоспарланып, 10 000-нан астам ауыл тұрғынына заманауи интернет беріледі.
«Біз ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін еншілес ұйымдарымызды бағыттап отырмыз. Ауылтелеком қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына сапалы интернет ұсыну үшін ең тиімді технологияларды енгізуде. Сарыбай би ауылындағы сынақтар көрсеткендей, FWA технологиясы ауылдық жерлерде интернетке жоғары жылдамдықпен қосылудың тиімді жолы болып саналады», — деді «Қазтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Министр Сарыбай би ауылында болып, жаңа байланыс технологиясы туралы тұрғындармен пікір алмасты. Қазіргі таңда шалғай ауылдарға оптикалық желі тарту қиын әрі қымбат болғандықтан, FWA технологиясы инфрақұрылым шығындарын азайтып, интернетке қолжетімділікті кеңейтуді қамтамасыз етеді.