Home Технологиялар Ғаламтор және желі 1 тамыздан бастап ChatGPT Plus жазылым бағасы қымбаттайды

1 тамыздан бастап ChatGPT Plus жазылым бағасы қымбаттайды

13

OpenAI компаниясы 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда ChatGPT Plus жазылымы үшін қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізетінін хабарлады. Енді жазылым бағасына 12% мөлшеріндегі салық автоматты түрде қосылады. Бұл талап Бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН) аккаунт баптауларына енгізбеген қолданушыларға қатысты, деп жазады bizmedia.kz.

Салық енгізілгеннен кейін жазылым бағасы 20 доллардан 22,40 долларға дейін қымбаттайды. Бұл — қазіргі бағам бойынша шамамен 12 мың теңге. Егер жүйе қолданушыны салық төлеуші ретінде танымаса, ҚҚС автоматты түрде есептеледі. Айта кетерлігі, жеке тұлғалар бұл соманы салық органдары арқылы қайтарып ала алмайды.

Ал Қазақстанда ресми түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бұл салықтан босатылады. Артық төлем жасамас үшін 1 тамызға дейін OpenAI сайтындағы Tax Status and ID бөлімінде БСН енгізу қажет.

OpenAI Қазақстанда 2025 жылдың мамырында салық төлеуші ретінде тіркелген болатын. Бұл компанияның елдегі салық заңнамасына толық бағынатынын білдіреді. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа ережелер күшіне енеді: ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға дейін өсіп, салықтық тіркеу шегі 78,6 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендейді.

Ресми түрде ҚҚС-ты қызмет көрсетуші төлейді, алайда іс жүзінде оны қарапайым қолданушылар – яғни, ChatGPT сервисінің жазылушылары өтейді.