Tesla, Lucid және Polestar компанияларында жетекші қызмет атқарған инженерлер негізін қалаған британдық Longbow стартапы автонарыққа мүлде жаңа көзқарас әкелмек. Компания салмағы 1 тоннаға жетпейтін екі электрлі спорткарды таныстырды. Speedster және Roadster аты аңызға айналған Lotus Elise пен Jaguar E-Type үлгілерінің жалғасы ретінде ұсынылуда.
Қазір көлік нарығындағы электромобильдердің орташа салмағы 2 тоннадан асады, ал Longbow бұл қалыптасқан стандартты бұзуға бел буған. Брендтің алғашқы үлгісі Speedster небәрі 895 кг тартса, оның ізін ала шығатын Roadster салмағы 995 кг болмақ.
Speedster – үсті ашық спорттық электрокар. Ол небәрі 3,5 секундта 100 км/сағ жылдамдыққа жетеді және толыққанды қуатталса 443 км қашықтықты еңсере алады. Оның бағасы 84 995 фунт стерлингтен басталады, ал алғашқы 150 данасы 2026 жылы сатылымға шығады.
Кейіннен нарыққа одан да қолжетімді Roadster келеді. Оның бағасы 64 995 фунт, ал жылдамдық алу көрсеткіші сәл баяу – 3,6 секундта 100 км/сағ. Бірақ бұл айырмашылық күнделікті жүргізу барысында аса білінбейді.
Longbow электромобильдері дәстүрлі ауыр спорткарларға мүлде ұқсамайды. Tesla Roadster 2012 жылғы үлгісі 1305 кг салмағымен-ақ сол кезеңдегі ең жеңіл электрокарлардың бірі болған. Бірақ Longbow инженерлері бұл көрсеткіштен де асып түсті.
«Біздің көліктер – спорткарға тән икемділік пен тепе-теңдікке, электр тартқышының қуатына және жүргізудегі ерекше әсерге ие»,- дейді Longbow компаниясының бас директоры Дэвид Дэйви. Ол кезінде Lucid Motors-тың Еуропадағы жобаларын басқарған және Илон Маск ғарышқа аттандырған Tesla Roadster-ді жүргізген маман ретінде танымал.
Компанияның мақсаты – автонарықтағы бос қалған орынды толтыру. Қазіргі таңда әлемде жылына 250 000 екі орынды спорткар сатылады, ал бұл нарықтың жалпы құны 16 миллиард доллар. Бірақ электромобильдер дәуірінде жеңіл спорткарларға лайықты балама ұсынылған жоқ. Longbow ірі автоконцерндермен бәсекелесуді емес, жүргізушіге таза эмоция сыйлайтын көліктер жасауды басты мақсат етіп отыр.
Компания көліктердің сенімділігі мен қолжетімділігін басты орынға қойған. Speedster мен Roadster – алюминий шассиіне негізделген, ал олардың түйіндері өзара алмастырылатын етіп жасалған. Бұл жөндеуді жеңілдетеді әрі өндіріс құнын төмендетеді.
Бұл электрокарларда 240 кВт қуат өндіретін қозғалтқыштар орнатылады. Алайда Longbow оларды өзі шығармайды, керісінше, сенімді өндірушілерден сатып алады. Бұл тәсіл көліктің бағасын қолжетімді етуге көмектескенімен, оның қуаты Porsche Taycan сынды гиперкарлармен теңесе алмайды. Бірақ басты артықшылығы –көліктің бағасында: Longbow моделдері олардың құнынан 2–3 есе төмен.
— Біз өндіріс көлемін кеңейтудің, логистика мен нарықтық бәсекелестіктің қиындықтарын жақсы түсінеміз. Сондықтан алдымен шектеулі тиражбен Speedster-ді шығарамыз, кейіннен Roadster-дің кең көлемде өндірісіне көшеміз, – деп пайымдады Дэйви.
Қазірдің өзінде алдын ала тапсырыстар қабылданып жатыр, ал алғашқы прототип жыл соңына дейін таныстырылмақ. Егер Longbow өз уәдесін орындай алса, бұл көліктер Porsche Boxster немесе Lotus Elise иелері үшін заманауи, бірақ классикалық спорткарлардың рухын сақтаған тамаша таңдау болмақ.