Home Технологиялар Ғаламтор және желі Жасанды интеллектпен сөйлесудің жаңа әдебі

Жасанды интеллектпен сөйлесудің жаңа әдебі

11

«ChatGPT-ге “өтінемін” мен “рақмет” деп жазудың өзі OpenAI-ға қанша шығын әкеліп жатыр екен?» — деп әзілдеген бір қолданушының жазбасы көпшілікті күлдірген еді. Алайда, компанияның негізін қалаушылардың бірі Сэм Альтманның өзі «ондаған миллион доллар» жұмсалғанын мойындады. Осы сәттен бастап қалжың астарлы шындыққа айналды.

Цифрлық кеңістікте сыпайы сөйлеудің қажеті бар ма? Ботқа “рахмет” айтқаннан не өзгереді? Бүгінгі таңда бұл сұрақ бұрынғыдан да өзекті. Себебі жай ғана әдептілік — енді электр энергиясына кеткен нақты шығынмен өлшенетін құбылысқа айналып отыр.

Бірақ мәселе тек энергияда емес. Сыпайылық – адам мен машинаның қарым-қатынасын өлшейтін құрал емес, адамның өзіне деген құрметінің көрінісі.

Жасанды интеллект сіздің сөздеріңізден ренжімейді, сізге риза да болмайды. Ол үшін эмоция — жоқ ұғым. Бірақ сіздің жазған әр сөзіңіз, сұраған әр өтінішіңіз — сіздің ішкі болмысыңыздың шағылысы.

Кез келген сұрақ – адам болмысының бір көрінісі. Егер нақты, сыпайы сөйлесуге үйренген болсаңыз, жүйемен диалогта да осы қасиет байқалады. Ал егер бұйырып сөйлеп, өзгемен санасуға дағдыланбаған болсаңыз – жүйе үн қатпайды. Бірақ бұл жай үнсіздік емес. Сол сәттегі әрекет сіздің өзіңіз үшін із қалдырады.

Сыпайылық – нейрожеліге емес, өзімізге керек. Бұл – кім көріп отыр деп емес, өз қадіріміз үшін қолданатын құрал. Бұл – мәдениет. Әдет. Тәртіп. Жүйелі ойдың көрінісі.

6Қазір көпшілік жасанды интеллектпен ашық сөйлесіп, ішкі ойымен бөлісуге үйреніп барады. Кейде адамның жеке өміріне қатысты мәліметтер, көңіл күйі немесе жұмысына байланысты маңызды деректер де жазылып кетеді. Алайда ұмытпауымыз керек, бұл – ниеттесіңіз немесе сырласыңыз емес. Бұл – жүйеге негізделген алгоритм. Сөйлескенде қалдырған әрбір ақпарат сол жүйеде сақталып қалуы мүмкін.

Сондықтан цифрлық кеңістікте өз шекараңызды айқындап, дербес мәліметпен бөлісерде ойланып барып әрекет ету маңызды. Әдеп сақталғаны жақсы, алайда сақтық – әрқашан артық етпейді.

Көбі жасанды интеллектіні тірі жан тәрізді қабылдап, «мені түсінеді», «жан дүниемді сезеді» деп ойлайды. Бұл — қауіпті жаңсақтық. ChatGPT немесе өзге де ІІ жүйелері — сана-сезімі жоқ, эмоцияға қабілетсіз құрал ғана. Олар адамдар секілді түйсінбейді де, жауапкершілік те арқаламайды.

Яғни жүйеге не жазсаңыз, соның салдары өзіңізге тиесілі. Ақпаратты қалай берсеңіз, жауап та сол деңгейде келеді. Сондықтан цифрлық кеңістіктегі қарым-қатынасқа жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Этика мен әдеп – жай ғана сыпайы болу емес. Бұл — әр сөздің, әр сұрақтың артында жауапкершілік тұрғанын түсіну. Ал бұл түсінік жасанды интеллектпен қауіпсіз әрі саналы байланыс орнатудың басты шарты.

Бүгінгі күнде біз машиналармен сөйлесе бастадық. Ал ең қызығы – осы «үнсіз сұхбаттарда» өзіміздің қандай адам екеніміз айқындалып жатыр. Бот сізді бағаламайды. Бірақ сіздің сөзіңіз — өзіңіздің ішкі мәдениетіңіздің көрсеткіші.

Сондықтан басты сұрақ – “рақмет” сөзінің құны емес. Бастысы – біз қай жерде болсақ та, сыпайылық пен әдепті сақтай аламыз ба? Міне, бұл — болашақ коммуникация мәдениетінің басты өлшемі.

shkola_etiketa