Home Робот пен дрондар,ЖИ Жасанды интеллект технологиялары «Формула-1» жарыстарына белсенді түрде енгізіле бастады

Жасанды интеллект технологиялары «Формула-1» жарыстарына белсенді түрде енгізіле бастады

13

Жасанды интеллект технологияларының артықшылықтары айқындала түскен сайын, «Формула-1» командалары ІІ-стартаптармен серіктестік орнатуға жиі бет бұруда. Соның нәтижесінде жасанды интеллект жүйелері автоспорттың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Бүгінде түрлі командалар Anthropic және Oracle секілді жасанды интеллект бағытында жұмыс істейтін компаниялармен келісімшарт жасасуда. Мұндай технологиялар жарыс тактикасын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект жарыс барысындағы деректерді талдап, техникалық аялдаманы қашан жасау керектігін анықтауға көмектеседі. Яғни дөңгелек ауыстыру немесе жанармай құю секілді шешімдерді оңтайландыруға ықпал етеді. Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеу, бухгалтерлік есеп жүргізу тәрізді күнделікті қайталанатын жұмыстарды автоматтандырады. Бұл әсіресе әр команданың жылдық бюджеті 215 миллион доллармен шектелетін жағдайда аса маңызды.

Жасанды интеллект саласындағы серіктестері бар командалардың қатарында Anthropic стартапымен бірлесіп жұмыс істейтін Atlassian Williams F1 ұжымы да бар.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект технологиялары тікелей эфир кезіндегі графика мен сараптамалық мәліметтерді әзірлеуде, сондай-ақ жүлделердің дизайны мен медиа-контент дайындауда да қолданылып жүр.

SponsorUnited платформасының мәліметінше, технологиялық шешімдер «Формула-1» шығындарының ең ірі бағыттарының біріне айналған. Өткен маусымда бұл салаға шамамен 769 миллион доллар жұмсалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 41 пайызға көп. Алайда аталған шығындардың барлығы тек жасанды интеллект технологияларына қатысты емес.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.