Home Робот пен дрондар,ЖИ Жасанды интеллект негізіндегі сервис роботтарын өндіру жоспары Алматыда қолға алынады

Жасанды интеллект негізіндегі сервис роботтарын өндіру жоспары Алматыда қолға алынады

20

Қазақстанда роботтарды жергілікті деңгейде шығару мүмкіндігі қарастырылып отыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі LS агенттігіне жобаның қазіргі сатысы туралы мәлімет берді.

Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Unitree компаниясымен меморандумға қол қойылған. Аталған өндірушінің қатысуымен арнайы зертхананы ашу жоспарланып отыр, ол робототехника саласындағы шешімдер әзірлеуге бағытталмақ.

«Робототехника орталығын құру үшін Agibot, Fourier, Unitree және Ubtech сияқты компаниялардың әртүрлі гуманоид роботтары алынды. Жоба Alem.ai алаңында таныстырылды», – деп хабарлады министрлікте.

Сонымен қатар, робототехникалық жүйелерге арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді дамытатын қазақстандық компаниямен серіктестік орнатылған. Бұл шешімдер роботтарды әртүрлі сценарийлерде оқыту және тестілеу мүмкіндігін қамтиды. Келесі жылдан бастап Alem.ai орталығы толық жұмысқа кіріседі деп күтілуде.

Бұған дейін Digital Almaty 2025 шарасында AgiBot компаниясы роботтар мен цифрлық жүйелерді оқытуға арналған деректер фабрикасын іске қосатыны белгілі болды.

Сонымен қатар, Алматыда қытай тарапымен бірлесіп білім беру және сервис роботтарын өндіру және енгізуге арналған кәсіпорын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Қытай компаниясы оқу материалдары, әдістемелік құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету, технологиялық және инженерлік шешімдер ұсынуға дайын. Сонымен бірге, шетелдік серіктес жасанды интеллект негізіндегі білім беру және қызмет көрсету роботтарын өндіру технологиясын бөлісуге әзір. 2026 жылдың соңына дейін тараптар бірлескен маркетингтік зерттеуді аяқтап, мегаполисте сервис роботтарын шығару экономикалық тұрғыдан тиімді ме, жоқ па, соған нақты шешім қабылдауды жоспарлап отыр..