АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп бұрынғы басшы Джо Байденнің экологиялық саясатын шетке ысырып, көмір өнеркәсібін қайта жандандыруға кірісті. Байден бұл саладан біржола бас тартуға тырысқан еді. Ал Трамптың мақсаты — көмірді жасанды интеллектіге арналған дата-орталықтарды энергиямен қамтамасыз ететін негізгі отын көздерінің біріне айналдыру.
Сәуір айында жарияланған жарлықта Трамп әкімшілігіне көмір саласын дамыту тапсырылды.
«Еліміздің бай әрі таза көмір қоры — ішкі өндірістің жандануына және жасанды интеллектіге арналған өңдеу орталықтарының құрылуына байланысты өсіп жатқан электр энергиясына деген сұранысты өтеуде шешуші рөл атқарады», — делінген жарлықта.
Сондай-ақ, президент көмір өндірісі мен экспортын ынталандыруды, көмірден бас тартуға бағытталған құжаттарды қайта қарауды және жасанды интеллектіге арналған дата-орталықтарға қуат беретін көмір бекеттерін орналастыруға болатын аймақтарды анықтауды тапсырды.
«Жарлық шыққан күннен бастап 60 күн ішінде Ішкі істер министрі, Сауда министрі және Энергетика министрі көмірмен жұмыс істейтін инфрақұрылымы бар, жасанды интеллектке арналған дата-орталықтарды энергиямен қамтамасыз ете алатын аймақтарды анықтауы тиіс. Сонымен қатар, көмір инфрақұрылымын кеңейтіп, жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге қажетті қуат көзін қамтамасыз етудің нарықтық, заңдық және технологиялық әлеуетін бағалауы қажет», — делінген құжатта.
CNBC телеарнасының мәліметінше, Трамп көмір өнеркәсібін қайта тірілтуді көздеп отыр. АҚШ Энергетика министрлігінің (EIA) дерегіне сәйкес, 2001 жылы елдегі электр энергиясының 53%-ы көмірден өндірілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 16%-ды құраған.
Peabody атты көмір компаниясының бас директоры Джеймс Гречтің айтуынша, қазіргі уақытта АҚШ-тағы көмір станциялары тек 42% қуатпен жұмыс істеп тұр. Ал бұрын бұл көрсеткіш орта есеппен 72% болған.
Amazon, Nvidia және Anthropic секілді ірі компаниялар бұрын экологиялық таза энергия көздеріне (күн, жел, АЭС) миллиардтаған доллар инвестиция салған. Олар көмірге қайта оралуға қатысты сақтық танытып отыр.
PJM Interconnection атты американдық желі операторының болжауынша, 2039 жылға дейін АҚШ-та электр қуатына сұраныс 40%-ға дейін артуы мүмкін. Moody’s агенттігі бұл өсім жасанды интеллектіге арналған дата-орталықтардың есебінен болатынын айтады. Ал Ұлттық тау-кен өндірісі қауымдастығының мәліметіне сәйкес, қуат компаниялары қазірдің өзінде жалпы қуаты 39 ГВт болатын көмір станцияларын жабу жоспарын кейінге қалдырған.