Home Робот пен дрондар,ЖИ Жасанды интеллект азық-түлік нарығындағы жасырын делдалдарды әшкерелеуге мүмкіндік беріп отыр

Жасанды интеллект азық-түлік нарығындағы жасырын делдалдарды әшкерелеуге мүмкіндік беріп отыр

13

Жасанды интеллект технологиялары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауын анықтауға және делдалдық тізбектерді бақылауға жол ашып отыр. Бұл туралы LS агенттігі Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жасанды интеллект жүйелері тек сауда үстемесінің белгіленген шектен асуын ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша жасалған сауда операцияларының санын да сараптайды.

Мәселен, бір күн ішінде бір тауар бойынша бірнеше мәрте мәміле тіркелсе, олардың жасанды түрде ұйымдастырылған болуы ықтимал. Осындай талдаулардың нәтижесінде наурыз айының алғашқы жартысында ғана тиімсіз делдалдарға қатысты 56 әкімшілік іс анықталып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданған.

Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолданылатын сауда үстемесіне қатысты 631 заңбұзушылық тіркелген. Ал ақпан айының өзінде электронды шот-фактуралар негізінде 760-тан астам тәуекел фактісі анықталған. Барлығы екі мыңнан астам электронды шот-фактура талдаудан өткен.

Үкімет мәліметінше, наурыз айының басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының орташа өсім индексі 0,2%-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен көрсеткіш (0,5%).

Сондай-ақ маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуін тежеу мақсатында ерте өнім импорттауға арналған «жасыл дәліз» тетігі іске қосылған. Бұдан бөлек, көкөністі баж салығынсыз әкелу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.